«Кітап оқитын ұлт»: оқырманнан ойлы қоғамға дейін

Кітап оқу – жеке адамның әдеті ғана емес, қоғамның интеллектуалдық деңгейіне әсер ететін маңызды құндылық. Осы бағытта елімізде биыл ауқымды республикалық бастама – «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафоны қолға алынды. Жоба Қазақстанда кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, азаматтардың сыни және аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған.

«Кітап оқитын ұлт» – бір реттік мәдени шара емес, ұзақ мерзімді қоғамдық қозғалыс ретінде жүзеге асырылып отыр. Жобаның негізіне оқу арқылы адамның дамуы, алған білімін күнделікті өмірде қолдануы және қоғаммен мазмұнды қарым-қатынас орнатуы туралы идеялар алынған. Алдағы бес жылда Қазақстан халқының 50 пайызын кітап оқу мәдениетіне тарту – жобаның негізгі мақсаттарының бірі.

Жеті бағыт, бір мақсат

Республикалық марафон 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың сәуіріне дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Қатысушылардың жасына, оқуына және қызметіне қарай жоба жеті бағытты қамтиды.
Олар – 6-10 сынып оқушыларына арналған «Кітап оқитын мектеп», колледж студенттеріне арналған «Кітап оқитын колледж», жоғары оқу орындарының білім алушыларына арналған «Кітап оқитын университет», мұғалімдер мен оқытушыларды қамтитын «Кітап оқитын педагог», отбасылық командаларға арналған «Кітап оқитын әулет», мемлекеттік қызметшілерге арналған «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және жас ерекшелігі мен қызмет саласына шектеу қойылмайтын «Кітап оқитын зияткер» бағыты.
Мұндағы ерекшелік – әркімнің өзіне қолайлы бағытты таңдай алуында. Яғни жоба тек мектеп оқушыларына немесе кәсіби әдебиетке қызығатын адамдарға ғана емес, отбасы мүшелерінен бастап мемлекеттік қызметшілерге дейінгі түрлі әлеуметтік топтарды қамтиды.

15 кітап – 6 ай

Марафонға арнайы 330 шығармадан тұратын кітап қоры жасақталған. Оның 165-і қазақ тілінде, 165-і орыс тілінде ұсынылған. Тізімге қазақ әдебиетінің таңдаулы туындылары, әлем классикасы, заманауи шығармалар мен әлемдік деңгейде мойындалған авторлардың еңбектері енгізілген. Кітаптарды іріктеу кезінде жалпыұлттық дауыс беру арқылы жасалған «100 кітап» тізімі мен әлемдік бестселлерлер де ескерілген.
Қатысушы алты ай ішінде өз бағыты бойынша ұсынылған кітаптардың ішінен 15 шығарма оқуы керек. Бірақ марафонның талабы кітапты оқып шығумен шектелмейді. Оқырман әр туындыдан кейін өз пікірін арнайы жеке кабинетінде жариялайды. Яғни басты назар кітаптың санынан гөрі, оны түсініп оқуға және өз ойын қалыптастыруға да аударылған.
Жоба сайтындағы ұпай жүйесінде бір кітапты оқу 250 ұпаймен бағаланады.
Қыркүйек айында Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде марафонның өңірлік кезеңіне арналған брифинг өтіп, тұрғындарға жобаның бағыттары мен қатысу тәртібі таныстырылды. Бүгінде облысымыздың атынан жобаға 11 961 адам қатысуда.
Өңірдегі мемлекеттік мекемелерде де жобаға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіле бастады.
Бұл бастама Ұлытау ауданы үшін де маңызды. Себебі ауданның ауылдары мен елді мекендерінде кітапхана – оқырман мен әдебиетті байланыстыратын негізгі рухани орталықтардың бірі. Марафонның мүмкіндігі ауылдағы оқырманның да республикалық әдеби ортаға қатысуына жол ашады.
Әсіресе «Кітап оқитын әулет» бағытының мәні бөлек. Себебі кітап оқу әдетін баланың бойына қалыптастырудың ең тиімді жолдарының бірі – оны отбасылық дәстүрге айналдыру. Бір үйде ата-ана мен бала бір кітапты оқып, кейін өзара пікір алмасса, әдеби шығарма отбасы мүшелерін жақындастыратын ортақ тақырыпқа айналады.

Кітапты оқу емес, түсіну маңызды

«Кітап оқитын ұлт» жобасының ерекшелігі де осында. Мұнда оқырманнан белгілі бір көлемдегі мәтінді жай ғана аяқтап шығу емес, оқығаны туралы пікір білдіру, тест пен зияткерлік сайыстар арқылы білімін көрсету талап етіледі.
Бұл – кітапты сан қуып оқудан гөрі, оның мазмұнына үңілуге мүмкіндік беретін тәсіл. Өйткені жақсы кітап адамға дайын жауап ұсынбайды. Керісінше, сұрақ қоюға, салыстыруға, ойлануға жетелейді.
Ұлытау – тарихи жады мен рухани мұрасы терең өлке. Сондықтан өңірдегі оқырман қауым үшін мұндай республикалық бастаманың мәні зор. Ауыл кітапханасының сөресіндегі шығарма енді тек жергілікті оқырманның назарында қалып қоймай, ел көлеміндегі үлкен әдеби қозғалыстың бір бөлігіне айналмақ.
Бүгінде «Кітап оқитын ұлт» марафонына Қазақстанның барлық өңірінен қатысуға мүмкіндік бар. Жобаға тіркелу тегін жүргізілді. Қатысушылар ресми сайт арқылы өз бағытын таңдап, марафонға қосылды.
Кітап оқу – жарыс мәресіне жетіп, жүлде алумен аяқталатын әрекет емес. Марафонның мерзімі біткен соң да қолда қалған әдеттің жалғасуы – жобаның ең маңызды нәтижесі болмақ. Өйткені оқырман көбейген сайын кітапханаға сұраныс та, әдебиетке қойылатын талап та артады.
Ал кітаппен дос болған ұрпақтың дүниеге көзқарасы кеңейіп, өз ойын саралап, өзгенің пікірін тыңдай алатын орта қалыптасады. «Кітап оқитын ұлт» идеясының түпкі мәні де – осындай оқырман мәдениетін орнықтыру.

Альмира ОСПАН.