Қызылүйдің қасиеті
Тарих кейде қалың кітапта емес, ел жадында сақталған бір мекеннің үнінде өмір сүреді. Ұлытаудан жиырма шақырым жерде табиғаты көркем, шөбі шүйгін, ел ерекше қадір тұтатын бір мекен бар. Ол — Қызылүй.

Өңір ежелден малға жайлы қоныс саналған. Жайылымының құнарлылығы төрт түліктің бабын тапқан елге жақсы таныс. Көктемде көкорай шалғыны жайқалып, жазда шөбі белуардан келетін қоныстың берекесі табиғатынан-ақ байқалады. Ел ішінде «Қызылүйдің шөбін жеген малдың еті мен сүті, майы мен қаймағының дəмі ерекше» деген сөз бар.
Табиғи көркін арттырып, тіршілігіне нəр беретін тағы бір ерекшелік — үйлердің жанынан өтетін сай. Көктемгі қар суы мен табиғи бастаулардан нəр алатын арнада ақ балық, шортан, алабұға кездеседі. Бір қарағанда қарапайым ғана көрінетін сай жергілікті жұрт үшін табиғаттың бір тартуы іспетті. Су жағасына келгенде айналадағы тыныштықты бұзбай, табиғаттың өз ырғағын сезінгендей боласың.
Қызылүйдің өсімдік дүниесі де өзінше бір сырлы əлем. Жаз шыға сай табаны мен айналадағы қыраттарда қой бүлдірген, сиыр бүлдірген, қарақат секілді жабайы жемістер піседі. Ауыл тұрғындары оларды ертеден тағам ретінде пайдаланып қана қоймай, емдік қасиетін де бағалаған. Табиғаттың осы бір қарапайым сыйын теріп, қысқа қамдайтындар түрлі тосап əзірлейді. Сөйтіп, даланың табиғи дəмі ауыл дастарханына жетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дəстүрге айналған.
Қоныстың қадірі тек шұрайлы жайылымында емес, табиғат пен адам тіршілігінің жарасымында жатыр. Сайдың суы, даланың жемісі, шұрайлы шөбі — бəрі де өлкенің өзіндік болмысын қалыптастырған. Алайда Қызылүйдің қадірі табиғатымен ғана өлшенбейді.
Бұл мекеннің топырағында тарих бар. Əдебиет бар. Ел тағдырымен сабақтас сыр бар. Өйткені осы қыстақта қазақ əдебиетінің көрнекті қаламгері Мұқан Иманжанов дүниеге келген.
Ал оның əкесі — Арқаға аты мəлім халық ақыны, жыршы, айтыскер Иманжан Жылқайдаров. Иманжан Жылқайдаров өз дəуірінде суырып салма өнерімен танылып, ел тарихын, халықтың сөз мұрасын қадірлеген ақын.
Ол Арқаның əйгілі өнерпаздарымен араласқан. Деректерде Иманжанның Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Құлтума, Тайжан сияқты өнер иелерінен тəлім алғаны айтылады. Жастайынан айтысқа араласып, он сегіз жасында ұлытаулық ақын қыз Бибіғали Оңғарбайқызымен сөз сайыстырған. Кейін Гүлжəмила, Ибадулла секілді ақындармен де айтысқан.
Иманжанның артында мол əдеби мұра қалды. Оның «Əлібек», «Сəуле», «Ақ марқа», «Əліби ерлігі», «Ұлытау», «Шақшақұлы Жəнібек», «Назымбек» секілді дастандары мен толғаулары белгілі. Ал «Əлібек» дастаны мен «Сабыр» толғауында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс оқиғалары жырланған.
Ақынның ел тарихы мен рухани мұраны сақтауға қосқан еңбегі де айрықша. Ол академик Əлкей Марғұлан басқарған тарихи-этнографиялық экспедицияларға қатысып, халық арасындағы əдеби мұраларды жинауға атсалысқан. Демек, Иманжан Жылқайдаровтың ғұмыры — бір ғана ақынның шығармашылық жолы емес, Арқа елінің сөз өнері мен шежіресіне ұласқан рухани тарих. Ал сол шаңырақтан кейін қазақ əдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған тағы бір қаламгер шықты. Ол — Мұқан Иманжанов.
Мұқан Иманжанов 1916 жылы дүниеге келді. Қысқа ғұмырында қазақ əдебиеті мен журналистикасына, драматургия саласына елеулі еңбек сіңірді. Оның «Алғашқы айлар», «Таныс қыз», «Тыңдағылар» секілді шығармалары оқырманға кеңінен танылды.
Бүгінгі оқырман үшін Мұқан Иманжанов — əдебиет тарихындағы белгілі есім. Ал Қызылүй үшін ол — осы топырақтан түлеп ұшқан перзент. Осыны ойлағанда, қоныстың тарихы бір əулеттің тағдырынан əлдеқайда кең екенін аңғарасың. Ақынның ізі, жазушының балалық шағының бастауы, қазақ руханиятының бір тарауына айналған əулеттің тарихы сақталған.
Ел аузындағы дерекке сүйенсек, Иманжан əулеті басқа жаққа қоныс аударғаннан кейін, тұрғын үй біртіндеп қараусыз қалған. Жылдар өте қабырғалары, төбесі құлаған. Бірақ бұл шаңырақтың тарихы мұнымен үзілмеді.
Атам Шаяхмет Жұмаұлы бұл орынды Иманжанның үйі деп қадір тұтып, екі бөлмеден тұратын баспананың қабырғасын қайта көтеріп, сақтап қалған екен. Кейін совхоз кезінде аталған үй қойшылардың тұрағы ретінде пайдаланылған.
Уақыт өте үйге ие болған Əмір атамыз сол екі бөлменің қабырғасын бұзбай, жанына жаңа үй қосқан. Одан кейін шаңырақ Орын атамыздың қолына өткен.
Бүгінде оның баласы Еркебұлан ағамыз сол шаңырақта тұрып жатыр. Осылайша бірнеше ұрпақ ауысқанымен, Қызылүйдің тарихы үзілмей бүгінгі күнге жетті.
Қазір бұл мекенге келген адам бір қарағанда қарапайым ғана қонысты көреді. Ал тарихын білетін жан үшін əрбір төбе, əрбір соқпақ, сайдағы су мен даладағы жеміс — өткен мен бүгінді жалғап тұрған табиғи шежіренің бір бөлшегіндей.
Иманжан Жылқайдаровтың есімі де, Мұқан Иманжановтың туған жері де осы өлкенің тарихымен сабақтас. Елдің өткенге деген құрметі де осындай қарапайым қоныстар арқылы көрінеді. Тарихтың қадірі де осында шығар. Біз кейде өткенді үлкен ескерткіштерден, сəулетті ғимараттардан немесе қалың кітаптардан іздейміз. Ал шын мəнінде, тарих көзге қарапайым көрінетін бір мекеннің өзінде сақталуы мүмкін. Оны сақтайтын — халықтың жады. Ал халықтың жадын ұрпақ жалғастырады. Сондықтан Қызылүйдің тарихы — бір үйдің немесе бір əулеттің ғана тарихы емес. Бұл — туған жерді қадірлеудің, өткенді ұмытпаудың, елге еңбегі сіңген азаматтардың есімін ардақтаудың өнегесі.
Туған жердің қадірін сезіну үшін кейде алыстағы тарихты іздеудің қажеті жоқ. Өз ауылыңның бір төбесі, бір қыстағы, бір сайы — талай сырдың куəсі болуы мүмкін.
Қызыл үй — сондай мекен. Оның шөбі — елдің ырысы. Суы — табиғаттың сыйы. Жемісі — даланың берекесі. Ал тарихы — ұрпаққа қалған аманат. Жердің қасиеті — табиғатында, елдің қасиеті — тарихында, ал тарихтың ғұмыры — оны жүрегінде сақтаған ұрпақта. Қызыл үйдің қадірі де осында. Бұл мекеннің ең үлкен байлығы — оның табиғаты мен тарихының бір-бірінен ажырамай, адам жадында қатар сақталуында.
Думан ЖҰМАНОВ.
