Мәдениет үйі жаңғыртылуда

Ұлытау ауданында елді мекендердегі мəдени нысандарды жаңғыртып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның бірі – Байқоңыр ауылындағы мəдениет үйінде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстары.

Мəдениет үйін жөндеудің негізгі мақсаты – ғимараттың сыртқы келбетін жаңартып, нысанның жағдайын жақсарту жəне ауыл тұрғындарының мəдени-көпшілік іс-шараларға қатысуына қолайлы жағдай жасау.
Қазіргі таңда ғимараттың қасбеті жаңартылып, терезелері мен есіктері толық ауыстырылды. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстарының өзге де кезеңдері белгіленген жоспарға сəйкес жүзеге асырылуда.
Мəдениет үйі – ауыл тұрғындарының басын қосып, түрлі мəдени іс-шаралар, мерекелік кештер, шығармашылық кездесулер мен қоғамдық маңызды шаралар өткізілетін орын. Сондықтан нысанды жаңғырту ауылдың мəдени өмірін жандандыруға жəне тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып табылады.
Бүгінде нысандағы жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сай жалғасуда. Жоспарға сəйкес, Байқоңыр ауылының мəдениет үйіндегі ағымдағы жөндеу жұмыстарын биылғы жылдың қазан айында аяқтау көзделіп отыр.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мəдениет үйі ауыл тұрғындарының мəдени демалысын ұйымдастыруға, шығармашылық бастамаларды қолдауға жəне қоғамдық іс-шараларды өткізуге қызмет ететін жаңарған нысан ретінде жұмысын жалғастырады.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.