Болат жолмен біте қайнасқан тағдыр

Теміржол – тек қатынас құралы ғана емес, талай тағдырды тоғыстырған, талай ауылдың дамуына серпін берген үлкен өмір жолы. Осы салада маңдай терін төгіп, адал еңбек етіп жүрген жандардың аз емес. Солардың бірі – Қоскөл станциясының вагон қараушысы Есимов Серік ҚАЗИҰЛЫ. Оның өмір жолы туған ауылдың тарихымен, теміржолдың келуімен жəне елдің еңсе тіктеу кезеңімен тығыз байланысты.

Серік Қазиұлы 1984 жылы қазіргі Қоскөл ауылында дүниеге келген. Ол кезде бұл елді мекен Қаныш Сəтбаев атындағы совхоз деп аталатын. Кеңес дəуірі аяқталып, шаруашылықтар таратылған тұста ауыл Қарақұм атауын иеленді. Кейін Жезқазған-Бейнеу теміржолының құрылысы басталып, Қоскөл станциясы ашылғаннан кейін елді мекен де осы атаумен атала бастады.
Серіктің балалық шағы ауыл тіршілігімен, еңбекпен етене өтті. Əкесі Қази мен анасы ұзақ жылдар бойы совхоздың қойын бағып, мал шаруашылығында еңбек еткен жандар еді. Алайда бала Серік 12 жасқа толғанда əкесінен айырылды. Артында төрт ұл мен бір қыз қалды. Бұл отбасы үшін оңай кезең болған жоқ. Əкеден ерте айырылған Серік бала күнінен үлкен өмірдің жауапкершілігін сезініп өсті.
– Жастайымнан еңбекке араластым. Отбасымызға көмектесу керек болды. Қандай жұмыс болса да істедік. Еңбек адамды шыңдайды екен, – дейді Серік Қазиұлы.
1991 жылы ауылдағы №11 мектептің табалдырығын аттаған ол 2001 жылы білім ордасын тəмамдады. Сол жылдары ауылдағы жағдай күрделі еді. Жұмыс аз, мүмкіндік шектеулі болатын. Дегенмен жас жігіт қиындыққа мойымай, маңдай терімен өз жолын қалыптастырды. Қыста ауыл мектебі мен клубында от жағушы болып жұмыс істесе, жаз айларында фермерлерге жалданып, əртүрлі жұмыстар атқарды.
2011 жылы өңірде үлкен құрылыс басталды. Бұл – Жезқазған-Бейнеу теміржолының салыну кезеңі еді. Серік Қазиұлы осы кезде теміржол құрылысына жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын жолшы (путеец) қызметінен бастады. Екі жылға жуық уақытқа созылған құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа теміржол желісі пайдалануға берілді. Бұл тек көлік қатынасының жақсаруы ғана емес, Қоскөл ауылы үшін жаңа өмірдің бастауы болды.

Теміржол іске қосылғаннан кейін Серік станцияның жылу беретін үлкен қазандығында от жағушы болып еңбек етті. Кейін вагон қараушы қызметіне ауысып, тұрақты жұмысқа орналасты. Бүгінде осы салада 11 жылдан астам уақыт бойы жемісті еңбек етіп келеді.
Вагон қараушы қызметі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Пойыз қозғалысының қауіпсіздігі, вагондардың техникалық жағдайы – барлығы осы мамандардың мұқият еңбегіне байланысты.
Серік Қазиұлы үшін теміржолдың маңызы тек жұмыс орнымен шектелмейді. Ол теміржолдың туған ауылының тағдырына үлкен өзгеріс əкелгенін ерекше атап өтеді.
– Теміржолдың түсуі ауылымызға үлкен сеп болды. Елдің екінші тынысы ашылды. Жұрт жұмысқа тұрды, нəпақасын тапты. Алыс-жақынмен байланыс жеңілдеді. Бір кезде қаңырап қалуға шақ қалған ауыл бүгінде қайта еңсе көтерді, – дейді ол.
Оның айтуынша, Қоскөл арқылы теміржолдың өтуіне сол кездегі ауыл басшылары мен ел ағаларының еңбегі зор болған.
– Алғашқы жылдары ауыл əкімі болған Хамзат Жаналинов, ауыл ақсақалы Сапар Қайратов сияқты азаматтар теміржолдың осы Қоскөл арқылы өтуіне көп еңбек сіңірді. Бүгінде сол еңбектің жемісін көріп отырмыз, – дейді Серік.
Бүгінде ауылдың жағдайы да біршама жақсарған. Үйлерге су кіргізілген, жаңа баспаналар бой көтеріп жатыр. Серік Қазиұлы мұның барлығы елдің ауызбіршілігі мен дұрыс басқаруға байланысты екенін айтады.
Еңбекқор азамат отбасында да теміржол саласына қызығушылықтың қалыптасып келе жатқанын мақтанышпен айтады. Оның екі қызы мен бір ұлы бар. Үлкен қызы отбасылы болса, екінші қызы теміржол саласы бойынша білім алып жатыр. Ұлы да осы бағытта оқып, болашақ мамандығын теміржолмен байланыстыруда.
– Балаларымның осы саланы таңдағанына қуаныштымын. Теміржол – тұрақты, жауапты əрі абыройлы кəсіп. Өзім көргенімді, үйренгенімді кейінгі буын жалғастырса деймін, – дейді ол.
Серік Қазиұлы ауыл шаруашылығынан да қол үзген емес. Бос уақытында мал бағып, ауылдың дамуына өзінше үлес қосып келеді. Қазір он шақты сиыр ұстап, өнімін ел игілігіне ұсынып отыр. Өзі бірнеше мамандықтың иесі. Қарсақбайдағы СПТУ-да тракторшы-машинист, экскаватор мамандықтарын меңгерген. Сонымен қатар, дəнекерлеушілік кəсібін де игеріп, 1000 вольтқа дейінгі кернеумен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін біліктілікке қол жеткізген.
Еңбек жолында жақсы адамдардан тəлім алғанын Серік Қазиұлы ерекше ықыласпен айтады. Əсіресе теміржол саласына алғаш келген жылдары бағыт-бағдар берген азаматтарды құрметпен еске алады.
– Қалдыбек Əбин деген ағамыз алғашқы жылдары бізге көп нəрсе үйретті. Ал Еркебұлан Сүлейменұлы біз үшін үлкен ұстаз, тəлімгер болды. Пойыз көрмеген ауыл балаларына теміржолдың қыр-сырын үйретіп, жол көрсетті. Олардың еңбегін ешқашан ұмытпаймын, – дейді ол.
Бүгінде Серік Қазиұлы – туған жерінде тұрақтап, ауылымен бірге өсіп келе жатқан еңбек адамы. Оның өмір жолы – қиындыққа мойымай, еңбектің арқасында биікке жетудің жарқын үлгісі.
Болат жол бойындағы əрбір маманның артында осындай тағдыр, осындай еңбек тарихы жатыр. Қоскөл станциясының сенімді қызметкері Серік Есимовтің өмір жолы – туған жерге адалдықтың, кəсіпке құрметтің жəне маңдай термен келген жетістіктің айқын көрінісі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.