Ұлытау облысының әкімі Сәтбаев қаласындағы әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымның жағдайын тексерді
Ұлытау облысының әкімі Сәтбаев қаласына жұмыс сапарымен барып, білім беру және денсаулық сақтау нысандарының жағдайын, жол жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Сондай-ақ қаладағы реновация бағдарламасының жүзеге асырылу мәселелерімен танысты.

Биыл Сәтбаев қаласында жалпы ұзындығы 17 шақырым болатын жол учаскелеріне орташа жөндеу жүргізілуде. Оның ішінде екі көшеге қиыршық тасты асфальт-бетон жабыны, жеті көшеге екі қабатты, алты көшеге бір қабатты асфальт төселуде.

Қалалық аурухананың жағдайын тексеру барысында корпустарды байланыстыратын жылы өткел салу қажеттігі көтерілді. Өңір басшысы бұл ұсынысты қолдап, тиісті жобалау жұмыстарын жүргізіп, құрылысты келесі жылы бастауды тапсырды.

Сонымен қатар облыс әкімі аурухана аумағын абаттандыру жұмыстарының сапасына қатысты бірқатар сын-ескертпе айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Жедел басқару орталығының жұмысын бақылаған облыс әкімі қалада сараптама жасайтын камералардың болуы шарт екенін атап өтті.

Жұмыс сапары барысында Есет Байкен қала аумағындағы жер телімдерінің мақсатты пайдаланылуына да назар аударды. Бұдан бөлек, білім беру нысандарының, Оқушылар үйі мен балабақшалардың құрылысына қатысты нақты тапсырмалар беріп, олардың іске асырылуын бақылауды тапсырды.

