Домбыра – асыл мұра
Елімізде «Ұлттық домбыра» күні 2018 жылдан бері аталып өтіледі. Содан бері шілде айының бірінші жексенбісін мереке ретінде атап өту дәстүрге айналды. Бұл біздің ұлттық құндылыққа деген құрметіміздің белгісі. Себебі, қадым заманнан қазақ мәдениетінде домбыраның орны ерекше.

Домбыра – ғасырлар куәсі. Қазақ елімен бірге жасасып келе жатқан ұлтымыздың саз аспабы. Ертеден өзінің құрылысын, түр-тұрпатын сақтап келе жатқан елдің асыл мұрасы. Халқымыздың тарихы мен тағдырын, мұңын, қуанышын күйге қосып жеткізетін рухани қазынасы. Сондықтан, домбыра мен қазақ егіз ұғым. Екі ішекті үнімен елдің жүрегін тербеген бұл аспап – ұлт болмысын айқындайтын теңдессіз мұра. Бабалар үнін қос ішекпен жеткізуші жәдігер.
Өткенге көз салсақ, қазақтың аспаптық музыкасының шырқау биікке жеткен кезі – ХІХ ғасыр. Бұл дәуірде әншілік, күйшілік өнердің жаңару үрдісі домбыраның жетілуіне де ықпал етті. Ел ішіндегі шеберлер осы кезде домбыраның дыбыстық ауқымын, мелодиялық мүмкіндігін арттыруға барынша күшін салды. Домбыраның перне санын көбейтіп, шанағының жаңғырғыштығын молайту мақсатында біраз өзгерістер енгізді. Шеберлер домбырашылардың қолындағы ең сапалы домбыра үлгісіне қарап, сол жобада домбыра жасауды дәстүрге айналдырды.
Бүгінгі күні елімізде домбыраның бірнеше түрі бар. Бір қарағанда, барлығы бір-біріне ұқсас. Бірақ, анықтап қарасаң, өзгешеліктері байқалады. Кейбір домбыралардың мойны қысқалау болып келеді. Шанағы күрек тәрізді жалпақ болады. Ал, домбыра үнінің әуезді болуы – перне санына, шанағының көлеміне, мойынының ұзындығына да байланысты. Әсіресе, қызылағаштан жасалған 11 шанақты домбыраның үні таза, ашық және қоңыр әуезді болып келеді. Шеберлер домбыраға тиектің өзін әбден кепкен ағаш бөлшегінен жонып келтіреді. Домбыраны кез келген ағаштан жасай бермейді. Қарағай, қайың, жаңғақ сияқты ағаштардан ғана жасайды.
Қорыта айтқанда, домбыра тарихымыз бен дәстүріміздің куәсі. Бабаларымыздан қалған асыл мұра. Домбыра қазақтың киесі, қасиетті қазынасы. Оны қастерлей білуіміз керек. «Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза Әлі бекер айтпаған. Дарынды ақын домбыраның құндылығын, қасиетін жоғары бағалаған.
Олай болса, домбыраны – ұлтымыздың рухы, қазақтың үні, халқымыздың айнымас серігі деп бағалағанымыз жөн болар.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.

