Жезқазған қаласы аумағында рейдтік және профилактикалық жұмыстар жалғасуда

«Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Жезқазған қаласы аумағында рейдтік және профилактикалық жұмыстар жалғасуда.

Іс-шара басталғалы екі күн ішінде түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген 30-ға жуық кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Аталған деректер бойынша ата-аналары немесе заңды өкілдері шақырылып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Балалардың қауіпсіздігі – ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі. Осыған байланысты ата-аналардан жасөспірімдердің бос уақытын бақылауда ұстап, олардың түнгі уақытта көшеде себепсіз жүруіне жол бермеулерін сұраймыз.

Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың қауіпсіздігіне бейжай қарамаңыздар. Заң талаптарын сақтау – келеңсіз жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы.