ҚҰРЫШ МІНЕЗДІ ҚҰРМАНСЕЙІТ немесе 79 жылдан кейін табылған дерек

Кеңес Одағының алып шаңырағының уығын қадасып, керегесін кеңейту ісінің бел ортасында болған талай арыс, сан боздақ көп ұзамай-ақ кердең замандағы кесапат саясаттың құрбанына айналғаны – тарихта таңбаланып қалған ақиқат. Ел күйзеліс күйін кешкені, үкілі үміттері кесірлі күмән-күдікке ұласып, зар еңірегені – санадан өшпейтін шерлі шежіре. Дәрмен-қуатынан айырылған халықтың беткеұстар мыңдаған азаматы қапасқа қамалып, итжеккенге айдалды. Дәм-тұзы таусылғандарының тағдыры оққа байланды. Солардың бірі – менің әкем, Қарсақбай аудандық атқару комитетінің председателі қызметінде жүріп, жазықсыз жаламен тұтқындалған Құрмансейіт БАЙМАҒАМБЕТОВ.

Бізге анық мәлімі – әкеміздің қара халықтың ортасынан табиғи таным-түйсігінің тереңдігі мен туабітті іскерлік қарым-қабілетінің арқасында топ жарып, ел билігіне араласқаны, лауазымды қызметтердің тізгінін ұстағаны. Ең бастысы, түр-келбеті аса сұсты көрініп, сесі басым тұратын, қызмет бабында қатал талап қоя білетін азаматтың сол кезеңдегі басшылық құрамында жұмыс істегендердің басым деніне тән бұқараға жағымсыз ұрдажық мінез бен әумесерлік әрекеттерден түбегейлі ада болғаны. Халықтың көңіліне қонымды іс-қимылымен «ел жанашыры» атанғаны…

Балалықтың жетегінде жүргенде ештеңені байыптап, бағамдай қоймаппыз. Әйтпесе, әжем Күлбарам (Гүлбаһрам) Қашқынбайқызының ілуде бір көкірегі жарыла күрсініп, алыстан орағыта тартып айтатын әңгімелерінің астарына дер кезінде үңіліп, көңілге тоқи бермес пе едім.

Өткенге салауат айтып, бүгініне шүкіршілік етіп отыратын жарықтық әжем де көкейіндегі шер-шеменді қозғайтын бұл тақырыпты сөз етуге құлықсыздау еді. Орайы келгенде қойған сауалдарыма солғындау, тым тереңдемей, қысқа жауап қайыратын. «Халық жауының әйелі» атанып, төңірегіне көзтүрткі болған кезінде көрген қиянаты мен бейнетке белшесінен батып, қысы-жазы колхоз малын бағудың ауыртпалығын кешкен зобалаң жылдарды жадында жаңғырту қиын тиді ме екен, кім білген?..

Әжемнің қысқа қайырым әңгімелерінен есімде қалғаны – байларды кәмпескелеу науқаны басталар тұста әкемнің сол төңіректегі бай-қуатты азаматтарға астыртын хабар жеткізіп, жедел бас сауғалау туралы кеңес бергені, жоғарыдан келген өкілдермен бірге жағдайы қоңды адамдардың мал-мүлкін тәркілеу тобының құрамында болып, үйге оралғанда қамығып отыратыны, мұқтаждықпен алдына келген кісілерге қал-қадерінше көмектесуге мүдделілік танытқаны, өзінен кейінгі буын өкілдеріне өзгеше мейіріммен қарағаны… Өз басына тікелей төнген қатерді алдын ала сезгені… Қамауға алынардан екі-үш күн бұрын: «Саған қиын болатын болды-ау… Амал қанша?! Балаларға бекем бол!» – деген екен әжеме. Соның алдында ғана кандидатурасы Телеляев деген кісінің орнына аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымына ұсынылып, келісім құжаттары ретке келтіріліп қойса керек…

Әкемнің бейнесі бар жалғыз сурет шырғалаңы мол, қым-қуыт тірлік керуенінде із-түзсіз жоғалған екен. Жалғызбасты әйелге шиеттей бала-шағаға нәпақа тауып беру қиямет-қайым болғаны, әрине, бесенеден белгілі. Сондай жағдайда – жайлаудан күзеуге, күзеуден қыстауға жаяу-жалпы, шаршап-талып көшіп-қонып жүргенде қимас дүниеге мұқият бола алмаған сыңайлы. Бертін келе әжем соған қатты өкініш білдіріп отырушы еді.

Әкесінің кескін-келбетін суретінен көру тәтем Болтай (Гүлсара) Құрмансейітқызының асыл арманы болды. Ол отбасының тірегі ұсталғанда бар болғаны 2 жастың шамасында ғана екен. «Мен енді оралмайтын шығармын…», – деп өзін тік көтеріп, бауырына басқаны, маңдайынан соңғы рет иіскегені де есінде қалмаған бүлдіршін кезі.

Жалған дүниеден асарын асап, жасарын жасаған әжем де өтті, анасының соңынан іле-шала келте ғұмырында ұрпақ қызығын көру нәсібі бұйырмаған тәтем де кетті. Алла рухтарын пейіш төрінде шалқытқай!..

Тәтемнің «Әке тағдырына қатысты ресми анықтама дерек пен суреті табылса, шіркін!» деген арман-тілегі бізге аманат ретінде ауысқандай еді. Бұл – көңілді кеулеген бір түйткіл болатын. Жуырда сол түйткілдің түйінін тарқатардай жағымды жаңалық жетті. Ресми органдардан көңіл тоғайтар жауабы болмаған көп ізденістің нәтижесі ғаламтор шырмауығынан шығыпты. Оны індетіп, жеріне жеткізуші – Астанада тұратын журналист-баспагер бауырым Қуат Құрмансейіттің шаңырағындағы келініміз, журналист, ақын Маржан Абсалықова. Зарықтырып барып, 79 жылдан кейін табылған деректің түпнұсқадағы мәтіні төмендегідей:

«СПИСКИ ЖЕРТВ – Жертвы политического террора в СССР

lists.memo.ru/d3/f1 15.htm

БАЙМАГАМБЕТОВ Курмансеит

Родился в 1897 г., Карагандинская обл. Карсакпайский р-н, аул #6.; образование начальное; Карсакпайский райисполком…

Проживал: Карагандинская обл., Улытауский р-н, Карсакпай пос…

Арестован 27 мая 1938 г. УНКВД по Карагандинской обл.

Приговорен: Тройка УНКВД по Карагандинской обл. 28 октября 1938 г., обв.: 58-2, 58-7, 58-8, 58-10, 58-11 УК РСФСР…

Приговор: ВМН. Реабилитирован 6 июня 1963 г. Карагандинский облсуд за отсутствием состава преступления.

Источник: Сведения ДКНБ РК по Карагандинской обл.».

Міне, осы мәлімет қолымызға тигенде әулетімізбен «ақ түйенің қарны жарылғандай», «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей» күй кештік. Дәйекті дерек негізіндегі қысқаша жазба мемлекеттік қызмет ардагері, Ұлытау-Жезқазған журналистикасының аға буын өкілі, өлкетанушы Сағындық Қожамсейітовтің тынымсыз еңбегінің арқасында баспаға әзірленіп жатқан «Ұлытау» энциклопедиясына енгізілді. Бұған да шүкіршілік!..

* * *

1957-1968 жылдары Қарағанды облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, 1968 жылдан бастап Талдықорған облыстық ішкі істер басқармасының бастығы қызметін атқарған, сол лауазымнан зейнет жасына толуына байланысты отставкаға шыққан милиция генерал-майоры Дүйсек Тоқпановтың «Истина прожитых лет» (1996 жыл, Алматы) атты ғұмырнамалық кітабында Құрмансейіт Баймағамбетов туралы жылы лебіздер жазылған екен. Өкінішке орай, бұл кітап менің қолыма әлі түсе қойған жоқ.

Мосқал тартса да, денесін тік ұстайтын Дүйсек әкейді бала күнімде өзім де сан мәрте көрдім. Жыл сайын жаз маусымында Алматыдан туған жері – шалғайдағы Шеңберге арнайы келетін. Біздің үйде мал сойылып, қазан көтеріліп жататыны есімде. «Құрмансейіттің мына баласын мектеп бітірген соң маған жіберіңдер. Өзім оқытамын», – дейді екен мені меңзеп… Кейінірек әжемнің «Дүйсек Қарсақбайда мілитсәға жұмысқа тұрған бетінде әлдебір қателігі үшін жұмыстан шығарып жібермекші болды. Жап-жас кезі. Сонда әкең араласып, орнында қалдырып еді», – дегені жадымда жатталып қалыпты…

Ес біліп, етек-жеңімді жинап, ел-жұртпен араласа бастаған шағымда ересек адамдардан әкем туралы сұрастыра жүруді айнымас әдетіме айналдырдым. Бірақ ол кезде көнекөз қарттардың қатары тым сиреп қалған еді. Сол себепті, «Жақсы адам болыпты», «Іскер кісі екен», «Бірбеткей, батыл адам деуші еді» деген жалпылама мазмұндағы сипаттамадан басқа мардымды әңгіме ести алмай, пұшәйман болатынмын…

1990 жыл. Ұлытау аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланған соң, көп ұзамай «Алғабас» совхозына «Ашық есік» күнін өткізуге бардық. Топ құрамында аудандық партия комитетінің хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан прокуроры, мекеме-кәсіпорындар басшылары мен қызметкерлері бар. Жиын басталардың алдында есіктен енген бір ақсақал амандық-саулықтан кейін:

— Әй, ағайын! Орталарыңда комсомолдағы Құрмансейітов деген жігіт бар ма? – деп сұрады.

— Бармын! – дедім мен.

— Сен, қарағым, қай Құрмансейіттің баласысың? – деді қария маған тесіле қарап тұрып.

— Баймағамбетов Құрмансейіттің.

— Е, айналайын-ай! Өзім де соның ұрпағы шығар-ау деп болжам жасап едім. Қателеспеппін. Тектінің тұяғы екенсің ғой! – деп еміренген ақсақал мені бауырына тартып, арқамнан қағып тұрған күйі көзіне жас алды. Менің де көңіл күйім бір демде әлем-тапырық болып кеткен…

— Мына жиналыстан кейін ауданнан келгендердің ешқайсысы кері қайтып кетпейсіңдер. Қазір Құрмансейіттің баласына арнайы мал соямын. Бәрің осы жігітпен бірге біздің үйге жүресіңдер, дәм ішесіңдер, – деген қарияның кесімді сөзіне қарсы уәж айтудың қисыны да жоқ еді.

Әжемнің айтуынан әкемнің аудан орталығы Қарсақбайға ауысқанға дейін Алғабаста ауылнай болғанын білетінмін. Арғынғазы Балмағанбетов есімді жөн-жобасы бөлек әлгі ақсақал сол елдің аузы дуалы, сөзі уәлі қариясының бірі екен. Үйлері іргелес көрші болыпты. «Екі үйдің ыдыс-аяғына дейін араласып жатушы еді. Сенің әкеңді осы ауылдың үлкендері сыртынан «Құрыш мінезді Құрмансейіт» дейтін. Талапшыл басшы болғандығынан, сірә. Халыққа аса сыйлы болды. Балажан адам еді. Мені қатты еркелетіп, бетімнен қақпайтыны есімде. Дастархан басына жайғасқанда шоқиып, тізесіне отырып алушы едім. Құрекеңдер Қарсақбайға көшкенде біздің үй ғана емес, тұтас ауыл қимай қоштасты. Баламын ғой, көштің соңынан жылап жүгіргенмін…», – деп бастап, көне күндерден біраз естеліктер айтты. Әңгімесінің астарында тұлғаның ұстанымына тәнтілік, оның ұрпағына деген ілтипат сезімі тұнып тұрған еді… Жарықтық, сол Арекең бақиға баз кешкелі де сан жылдар жылжып кетіпті…

* * *

1980 жылдардың соңына таман Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызмет атқаратын бізге жамағайын бір азамат МҚК архивінен «Құрмансейіт Баймағамбетовтің қылмыстық ісі» құжаттарын кездестіріп, танысады. Соның арасында әкемнің шағын көлемді сарғайған суреті де болса керек. Кейінгі ұрпағының әке суретін табуды армандап жүргенін білетін жаңағы жамағайын жігіт сарғайған суретті қалпына келтіріп, көлемін үлкейттіру үшін Мәскеуге МҚК-нің орталық аппаратына жолдайды. Түпкі ниеті ізгі, әрине. Сол екі аралықта СССР-дің іргетасы ыдырап, қабырғасы қаусап түседі. «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» делінетін заман туғанда Мәскеуге жіберілген сурет кері қайтпай қалады… Әкемнің сол суретін Ресейдің мемлекеттік қауіпсіздік органдарынан әлі де сұрастыру, қылмыстық іс құжаттарын тауып, танысу – келер күндердің еншісінде…

Сол құжаттардың ішкі мазмұны жоғарыда аталған жанашыр жамағайынның ауызекі әңгімесі арқылы аз да болса таныс. Халыққа қадірі асқан азаматтың қапасқа қамалуына, кейін үштіктің үкімімен атылуына НКВД-нің ауылдағы «агенттері» көп «көмегін» тигізген екен. Жаратылысы қайсар жанды тізе бүктірудің төте жолы – айыпты ауырлату, «ақиқатты» айтқызу үшін азаптау тәсілдерін қолдану. Тергеу хаттамаларында «жапон шпионы» деген айыпты мойындауы талап етілген. Тергеушілер күні-түні кезектесіп, үздіксіз қыспаққа алып отырған… Қисынсыз қиянаттан тәні ғана емес, жаны да жапа шеккен әкем мүлдем қажып, ашынған бір сәтінде «Бәрібір атуға үкім шығарылатыны анық. Сендердің де, менің де арым таза болсын.Қисынға сыятын сөзді жазыңдар. Танымайтын, білмейтін, ешқашан естімеген жапонды айтқанша, «герман шпионы» десеңдерші», – деген екен. Міне, осы сөзден кейін тергеуші «жапон шпионы» деген тіркесті бел ортасынан бір сызып, оның жоғарғы жағына «Германия шпионы» деп жазса керек…

Зымияндығы жиіркенішті, лағнет жауғыр сайқал саясаттың кесірі-ай, десеңші!

* * *

Алғашында Қарсақбай түрмесіне қамалған әкемді кейін «қоғамға аса қауіпті қылмыскер» ретінде Қарағандыға ауыстырады.

Ізденудің ізінде жүріп, зұлмат заманда аталары мен әкелері Қарағанды түрмесінде атылып кеткен алдыңғы буын ағалармен осы тақырыпта тілдесудің сәті сан рет түскен еді. Солардың арасында қуғын-сүргін, жазалау, қудалау кезеңінде НКВД-да қызмет еткендермен сөйлескендері де бар болатын… Олардың айтуынша, ату жазасына кесілгендердің үкімі нақ сол күні НКВД кеңсесінің жертөлесінде орындалатын болған. Жанын алу жолымен жазалаудың қарқындылығы соншалықты, тәулігіне «қылмыскерлер» қабірі – ортақ көрге 15 адамның мәйітін көміп отырған. Жерлеу шараларын атқарушы-куәгерлердің мәлімдеуінше, марқұмдардың мәңгілік тыныс тапқан мекені –  Қарағандының Михаиловка аумағындағы бұрынғы «Мир» кинотеатрының төңірегі. Олардың басына бедерлі тас түгілі, қарапайым белгі де қойылмаған. Қысқасы, үкім шықты, шұғыл орындалды, көппен бірге көмілді, іс түбегейлі тынды!..

* * *

Ақмола облысындағы Ақмол кентінің іргесіндегі қазақтың саңлақ ұлдарының жар қосақтары мен өзге де ұлттардың нәзікжандылары қиянат кешіп, зардап шеккен түрме орнындағы АЛЖИР (Акмолинский лагерь жен изменников Родины) музей-кешенінде болғанымда әдебиетші-ақын, марқұм Ербол Шәймерденовтің қабырғада ілінген өлеңін оқып, онсыз да түршігіп тұрған жан-дүнием мүлдем бейдауа күй кешкені бар. Ұмытпасам, «Үнсіздік… Бір минут үнсіздік… Адамның өмірі – құнсыздық…» деген жолдармен басталады… Шынайы қасірет жыры!.. Кесапатты кезеңнің шыңғырған шындығы!..

Иә, адамның адамды қасқырша талап, ажал аранына салуы – кешірілмес күнә! Алланың алдында да, адамзаттың алдында да…

P.S. Мен үшін бұл жазба – әкем Құрмансейіттің аруағы алдындағы перзенттік парыз. Әжемнің маған артқан селкеусіз сеніміне кіршік түсірмеу бағытындағы талпыныс. Тәтемнің көзі тірісінде орындалмаған тәтті армандарының өтеуі. Тиянақтай келгенде, барша қуғын-сүргін құрбандарының рухына көрсетілген құрмет.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.

-Ұлытау аудандық «Ұлытау» газеті, 27 мамыр, 2017 жыл.

-«Бір бәйтерек, бір шынар», Жүрекжарды жазбалар, «Кәусар» баспасы (директоры – Қуат Құрмансейіт), Нұр-Сұлтан қаласы, 2019 жыл. Құрастырушы – жауапты редакторлары: Қуат Құрмансейіт, Маржан Абсалықова.