Қазіргі жастар кітап оқиды ма?
«Қазіргі жастар кітап оқымайды» деген сөзді жиі еститін болдық. Алайда, шын мәнінде мәселе жастардың кітап оқуында немесе оқымайтынында емес, олардың қандай кітап оқитынында, оны қалай оқитынында?!

Ал, осыған зер салсақ, бүгінгі жас буын кәдімгі кітаппен қатар электронды нұсқаларды, аудиокітаптарды да кеңінен пайдаланады. Сондықтан, жастардың кітап оқу мәдениеті өзгерді десек сонымыз дұрыс болар. Бірақ, ол үрдіс мүлдем жоғалып кеткен жоқ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазақстандық жастар жылына орта есеппен 10-12 кітап оқиды екен. Сонда ең белсенді оқырмандардың басым бөлігін жастар құрап отыр. Ал, кітапхана қорларында сұранысқа ие әдебиеттердің арасында психология, медицина, тарих және көркем әдебиеттер бар. Осы көркем әдебиет жанрлары ішінде роман, детектив, тарихи шығарма мен фантастика алдыңғы қатарда тұр.
Жастардың кітап таңдауына әлеуметтік желілердің де әсер еткені анық. Бұрын оқырман кітапты көбіне мұғалімнің, кітапханашының немесе достарының кеңесімен таңдаса, қазір TikTok, Instagram және түрлі кітап клубтары арқылы әдебиеттерді насихаттайтын маңызды алаңнан таңдай алады. Соның нәтижесінде кітап таңдауға деген сұраныс артып келеді. Бұл кітапқа деген қызығушылықты ұлғайтатын таптырмас мүмкіндік болып отыр.
Әсіресе, қазіргі кезде психология жанрындағы кітаптардың танымалдығы ерекше байқалады. Өзін-өзі дамыту, уақытты басқару, мотивация, қарым-қатынас мәдениеті туралы еңбектер көп оқылады. Мұның себебін зерделей келе, жастар білім алып қана қоймай, өзін тұлға ретінде қалыптастыруға ұмтылады. Сондықтан, олар кітаптан тек көркем сюжет емес, өмірлік тәжірибе мен пайдалы кеңес іздейді. Сонымен қатар, фантастика жанры да сұраныстан кеткен жоқ. Жас оқырмандар қиял әлеміне жетелейтін шығармаларды қызыға оқиды. Әлем әдебиетіндегі танымал туындылармен бірге тарихи романдарға да қызығушылық байқалады. Бұл жастардың өткенді танып-білуге деген ұмтылысын көрсетсе керек.
Дегенмен, алаңдататын мәселелер де жоқ емес. Цифрлық технологиялардың дамуы жастардың оқу әдетіне ықпал еткен. Смартфон мен әлеуметтік желілер ақпаратты тез қабылдауға үйреткенімен, көлемді мәтіндерді ұзақ уақыт оқуға деген қызығушылықты төмендетуі мүмкін. Соған қарамастан соңғы жылдары электронды кітаптардың қолжетімділігі жастардың кітаппен байланысын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр. Біз Ұлытау ауданының жастары арасында да шағын сауалнама жүргізген едік. Осы сауалнамаға қатысқан жастардың басым бөлігі көркем әдебиет пен психологиялық кітаптарды оқитынын растады. Кейбірі тарихи шығармаларды ұнатса, енді бірі кәсіби даму мен жеке өсуге арналған әдебиеттерді таңдайды екен. Ал, кейбіреуі кітап оқуға уақыты болмай қалатынын жасырмай айтты, біразы бос уақытында кітап оқуға тырысатындығын жеткізді.
Ал, жастар не дейді? –Маған тарихи романдар мен тұлғалар туралы кітаптар ұнайды. Кітап арқылы өткенді танып, жаңа мәліметтер алғанды жақсы көремін. Қазір қазақ әдебиетін көбірек оқуға тырысып жүрмін, — дейді бірі. Енді біреуі: “Соңғы уақытта психология жанрындағы кітаптарға қызығушылығым артты. Ондай кітаптар уақытты тиімді пайдалануға, өзіңді және өзгені жақсырақ тануға көмектеседі” дейді. Ал, үшіншісі “Кітапты міндет үшін емес, қызығушылықпен оқу маңызды деп ойлаймын. Өзіме қызық болып көрінген кітапты құлшыныспен оқимын. Кейде өзім іздеп табамын, кейде әлеуметтік желілерде жарнамасын көріп қызығамын. Қағаз кітаптан бөлек аудиокітап тыңдаймын“- деп отыр.
Жалпы, бүгінгінің жастары кітапты мүлдем оқымайды деу – асығыс тұжырым болса керек. Керісінше, олар кітапты бұрынғыдан өзгеше форматта оқиды. Бүгінгі жас буын үшін кітап – тек білім көзі ғана емес, өзін дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге және қоғамды тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін құрал.
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру әр отбасынан, мектептен және қоғамнан басталады. Ал, кітаппен дос болған жас ұрпақтың болашағы да жарқын болмақ.
Елдара САҒАДИҚЫЗЫ.
