Ақ халатты абзал жан
Ізгілік пен адамдық қасиеттерді бойына сыйдыра білген, пайым-парасаты мол, үлгі-өнегесі бар жандар қай уақытта да құрмет пен абыройға лайықты. Әсіресе, басы ауырып, балтыр сыздаған кезде ең алдымен ақжелеңді абзал жанды іздейміз. Сол сәтте ем іздеп келген адамның еңсесін тіктеу үшін ақ халатты абзал жандар барын салатыны анық. Міне, осындай ұлт саулығына адал қызмет етіп жүрген медицина мамандары еңбегімен елге құрметті. Олардың еңбегі мен жұмсаған энергиясының ең басты бағасы – науқасқа көрсеткен көмегі. Бұл арада айтпағымыз, медицина қызметкерлерінің емдік шараларды сауатты да қалтқысыз орындауында ғана емес, науқаспен жиі қарым-қатынас жасап, олардың көңіл-күйіне әсер ететін жанкешті еңбегіне тікелей байланысты. Демек, медбике, фельдшер – акушерлер науқас денсаулығына емделуші дәрігерлерден кем жауап бермейді. Оларда әркез науқастар дертіне шипа-дауа дарытуға тырысады. Ем-домды уақытылы көрсетіп, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруға ұмтылады. Сондай медицина қызметкерінің бірі, Жезді кентінің ауруханасында әйелдерді есепке алу және ана мен бала денсаулығын бақылау бағытында абыройлы еңбек етіп жүрген Зәуреш Балшықбаева.

Ол гиппократ антына да, өз арына да адал болу үшін ел алдында аянбай еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген ақжелеңді абзал жан. Көптеген аналардың аман-есен босануына, сәбилердің дені сау дүниеге келуіне зор үлес қосып жүрген аудандағы білікті мамандар санатында.
Ол өз ісінің шебері. Бірақ, ашылып сыр айтпайды, асырып мақтанбайды өте қарапайым, иманжүзді. Оның іс-әрекетіне қарап, «Адам жанының арашашысы болу үшін жаралған ба?» деп ой түйесің. Зәуреш осы уақытқа дейін өзін ұжым арасында байсалды, іскер маман ретінде көрсете білді. Қызметіне аса жауапкершілікпен қарап, әрдайым ана мен сәбиге қамқорлық танытып келе жатқан мейірімді акушерка ретінде танымал. Әріптестерімен де қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Бүгінгі күні өзінен кейінгі жастардың ұстазына айналып отырған жайы бар. Оның денсаулық сақтау саласында еңбек еткеніне биыл 38 жыл болған екен. Осы жылдар ішінде өзінің білімін, қарым-қабілетін халыққа қалтқысыз қызмет етуге жұмсады. Елдің алғысын алып, абыройға бөленді. Тұрғындардың әсіресе, үлкендердің «Қолыңнан айналайын» деп батасын бергенінің өзі – оған зор ғанибет. Адамдардан алған алғысы, ықылас-ниеті оны мерейлендіріп, жұмысқа деген ынтасын арттырады.
Біз білетін, аудандық мәслихаттың депутаты, Аналар кеңесінің мүшесі Зәуреш Қабденқызы осындай жан. Оның тұла бойы жақсы қасиеттерге толы. Ол Ұлытау ауданы, Аманкелді ауылында дүниеге келген. Туған ауылындағы орта мектепте оқып, 1984 жылы «жақсы» бағамен бітіріп шығады. Алдына биік мақсат қойған Зәуреш 1984 жылы Жезқазған медициналық училищесіне оқуға түсіп, 1987 жылы тәмамдайды. Сол жылдан бастап, осы уақытқа дейін Жезді кентінің ауруханасында акушерка қызметін абыроймен атқарып келеді. Оның аудандық мәслихатқа депутат болудағы мақсаты – елге қызмет ету еді. Бүгінгі күні халық қалаулысы ретінде кент тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге белсенді араласып келеді. Өзінің білімін және өмірден жинақтаған іс-тәжірибесін кент тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға жұмсап жүрген депутаттың бірі. Кентті көгалдандыруға, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге, көшелерді жарықтандыруға атсалысқан ел жанашыры. Әсіресе, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында кентке жас мамандарды тартып, оларға әлеуметтік тұрғыда қолдау жасап, көмек көрсете білді. Сонымен қатар, Аналар қоғамының мүшесі ретінде отбасы құндылықтарын насихаттап, ана мен бала мәселесіне қатысты біраз жұмыстарды тындырды. Өйткені, ол қаншама жыл Жезді кентінің ауруханасында еңбек етіп, ана мен бала денсаулығын қорғау жолында жұмыс жасап жүрген тәжірибелі маман. Бір жанұяның отанасы, әжесі сондықтан, ол ана рөлін терең сезінеді. Балаға жасалған қамқорлықты болашаққа жасалған қадам деп есептейді.
Бүгінде медицина саласында жемісті еңбек етіп, білікті маман ретінде тындырымды іс атқарған Зәуреш Қабденқызы елге сыйлы. Ол өмірлік серігі Абылайхан Әуезханұлымен бірге құрған жарасымды отбасында төрт бала тәрбиелеп-өсіріп, олардан сегіз немере сүйіп отыр.
Ал, бүгінгі денсаулықты сақтау саласына келсек, кез келген жақсы медицина қызметкерлерінің басты қасиеті қарапайым болуында. Бұдан басқа да дәрігерлердің бойында білім, біліктілік, мейірім, еңбек, адалдық секілді қасиеттер болу – шарт. Бірақ, бұның бәрінен медицина маманына ең негізгісі – шыдамдылық. Ал, біздің кейіпкеріміздің бойында жоғарғыда айтылғандардың бәрі бар. Ол өте қарапайым, салмақты, төзімді жан. Арын да, ақжелеңін де кірлетпеген бір адам болса, ол – Зәуреш Қабденқызы!
Ендеше, көркем мінезді жанның елге жасаған жақсылығын, шарапатты ісін жұртшылыққа жайып, танытудың өзі ләзім емес пе?! Халық «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деп әсілі бекер айтпаған ғой.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
