Ұлытау ауданының инвестициялық әлеуеті артып келеді

Ұлытау облысында жүзеге асырылып жатқан ЖКХ бөліміндегі инвестициялық жобалар мен реновация бағдарламалары өңір экономикасына серпін беріп отыр. Әсіресе жаңа басшылықтың Ұлытау ауданына қатысты бастамалары ауыл шаруашылығын дамытуға, туризмді өркендетуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша облысқа тартылған инвестиция көлемі 260 млрд теңгені құрады. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге өсіп, 40,6 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіштер өңірдің инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінде Ұлытау ауданында ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып мал азықтық дақылдар өсіру, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және суармалы егіншілікті кеңейту жобалары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.
Соның бірі – «Ulytau Sheep» кооперативінің 13 мың бас асыл тұқымды қой өсіру жобасы. Құны 1,4 млрд теңгені құрайтын жоба аясында ауыл шаруашылығы техникалары мен қажетті жабдықтар сатып алынып, асыл тұқымды мал жеткізілді. Жобаны толық аяқтау биылғы маусым айына жоспарланған.
Сондай-ақ, «Самға Агро» кооперативі 5 мың басқа арналған асыл тұқымды ірі қара мал репродукторын құру жобасын қолға алды. Қазіргі таңда кооператив 497 гектар суармалы жерді игеріп, жаңбырлатып суару жүйелерін орнату жұмыстарын жүргізуде.
Ұлытау ауданында туризм саласын дамыту да басты назарда. Инвестициялық тапсырыс аясында аудан аумағында туристік база мен глэмпингтер салу жобалары ұсынылып отыр. Бұл бастамалар өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, аудан экономикасына шетелдік инвестиция тарту бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі – HARVEST AGRO HOLDING компаниясының 15 мың гектар жерді суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыру жобасы. Болашақта бұл аумақты 50 мың гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 60 млн АҚШ долларын құрайды.
Өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Инвесторларға қызмет көрсету орталығы тұрақты жұмыс жүргізуде. Кәсіпкерлер мен инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсетіліп, қажетті кеңестер беріледі.
Тұрғын үй қорын жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстар қолға алынған. Облыста көппәтерлі тұрғын үйлерді реновациялаудың бірыңғай бағдарламасы әзірленіп, тозығы жеткен және апатты үйлерді кезең-кезеңімен жаңарту көзделіп отыр. Осындай тозығы жеткен апатты жағдайдағы екі үй Ұлытау ауданында да тіркелген.
Жалпы алғанда, Ұлытау ауданында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек. Ауыл шаруашылығы, туризм, инфрақұрылым және өндіріс салаларындағы бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Ізбасар ОЙБАС.