Жерлесіміз «Құрметті ардагер» атанды

Сәрсенбінің сәтінде Ұлытау облысы Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы өтті. «Жаңа дәуір. Жаңа көзқарас. Ақсақалдар парызы» тақырыбын арқау еткен бұл басқосуда қоғамдағы ақсақалдар институтының рөлі, жас ұрпақ тәрбиесі және ел бірлігін нығайтудағы ардагерлердің үлесі кеңінен сөз болды.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған еліміздің жаңа Конституциясында тәлім-тәрбие мәселесіне және бұл бағыттағы ақсақалдар институтының қызметіне ерекше мән берілгенін атап өтті. Ол билік пен қоғам өкілдерінің, оның ішінде ақсақалдардың бірлесе атқаратын жұмыстарының маңызы зор екенін айтты.
Кездесу барысында өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген бірқатар ардагерлер марапатталды. Ақсақалдарға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың Құрмет грамоталары және «Ұлытау облысының Құрметті ардагері» төсбелгісі табыс етілді. Марапат иелерінің қатарында Ұлытау ауданының тұрғыны, ел ағасы Шаяхмет Үмбетов те бар. Жерлесіміздің «Ұлытау облысының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталуы – оның өңірдің қоғамдық өміріне сіңірген еңбегіне берілген жоғары баға.
Отырыста Ұлытау облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазамбаев, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов және ақсақалдар Серік Оспан, Өтеш Ахметов, Жақыпбек Дайыров, Қоңыр Смағұлов, Береке Көшенов, Абдолла Дастанов сөз сөйлеп, қоғамдағы өзекті мәселелер жөніндегі пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев көтерілген ұсыныстар мен пікірлердің назардан тыс қалмайтынын айтып, оларды шешу жолдары кезең-кезеңімен қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп тұрудың маңыздылығына тоқталды.
Ақсақалдар кеңесінің отырысы қоғамдағы сабақтастықты нығайтып, аға буынның тәжірибесі мен ақыл-парасатын ел игілігіне жұмылдырудың маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Аманкелді АҚШАЛ.