«Қызылорда – Жезқазған» жолының 208 шақырымын қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын
Ұлытау облысында республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының 216–424 шақырымдары аралығында қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ұзындығы 208 шақырымды құрайтын учаскеде жолдың негізгі құрылымдық қабаттарын салу жұмыстары аяқталуға жақын.

Қазіргі уақытта жобада қарастырылған 4,2 млн текше метр топырақ төсеу жұмыстары толық орындалды.

Жол негізін салу жұмыстары да жоғары қарқынмен жүргізілуде. Құм-қиыршықтас қоспасынан тұратын төменгі қабат 206 шақырымға, негіздің төменгі қабаты 205 шақырымға, ал үстіңгі қабаты 204 шақырымға төселді.

Асфальтбетон жамылғысын төсеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде жабынның төменгі қабаты 202 шақырымда, ал қиыршықтас-мастикалық асфальтбетоннан тұратын үстіңгі қабаты 190 шақырымда орындалды.
Жобада инженерлік құрылыстарға да ерекше назар аударылған. Қарастырылған 18 мал өткізетін және 78 су өткізгіш құбырдың құрылысы толық аяқталды. Сонымен қатар 4 көпірдің екеуі пайдалануға дайын, қалған екеуінде құрылыс жұмыстары 85%-ға орындалған.

Құрылыс жұмыстарына 650 адам және 360 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Қайта жаңарту нәтижесінде жолдың өткізу қабілетін арттыру көзделіп отыр. Қазіргі уақытта бұл учаскедегі көлік қозғалысының қарқындылығы тәулігіне шамамен 2 400 автокөлікті құрайды. Жоба аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш тәулігіне 7 000 автокөлікке дейін артады деп күтілуде.

«Қызылорда – Жезқазған» автожолының 208 шақырымын қайта жаңарту өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға, жолдың өткізу қабілетін арттыруға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
