87 жылдық белес: даму мен жаңғыру жолы

Қазақ үшін ұлт ұясы атанған Ұлытаудың орны бөлек, маңызы ерек. Өйткені, Ұлытау – қазақ жерінің кіндігі, ту тіккен байтақ ордасы, хандыққа қазық болған, жалпақ жұртқа азық болған қасиетті мекен. Осындай қастерлі атауға иемденген ауданның құрылғанына биыл 87 жыл толды.

Аудан 1939 жылы 16 қазанда Қазақ ССР-і Жоғары Кеңесінің төрағасы, жерлесіміз Әбдісәмет Қазақбаевтың қол қойған Жарлығымен Ұлытау ауданы болып құрылды. Бұдан кейін 1940 жылы 21 ақпанда Ұлытауда бірінші аудандық конференция өткізілді. Ауданның партия ұйымы құрылды. Конференцияда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Аманжол Нұрманов тағайындалды. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Әбіл Рахимов болды.
Аудан құрамына 23 колхоз берілді. Ауданның еншісіне тиген колхоздар Талап, Желдіадыр, Қызыл Ту, Бірінші май, Қарадыр, Қызыл Коммуна, Калинин, Сталин, Большевик, Лениншіл, Жігерлі, Бостанық, Үлгілі, Айыртау, Бірлік, Қызыл диқан, Комсомол, Октябрь, Қызыл шың, Коммуна, Қазақстан, Үлкен бұлақ, Алғабас еді. Бұл 1940 жылы болатын.
Сол жылы аудан орталығында 1 орта мектеп, колхоздарда 4 орта мектеп, 13 бастауыш мектеп болды. Мәдениет саласында да оң өзгерістер байқалды. Аудан орталығында 1 клуб үйі, колхоздарда 21 клуб үйі ашылды. Кейіннен аудан бойынша 4 медициналық пункт ашылып, тұрғындарға медициналық көмек көрсетіле бастады. Осы кез ауданның бір саты болса да жоғары көтерілген кезі еді. Бірақ, оған сұрапыл соғыс кедергісін келтірді.
1941 жылы соғыс басталып, жаңа құрылған ауданға, оның еңбеккерлеріне ауыр жүк артылды. Осы тұста, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен еңбек етуге мойын бұрды. Барлығы бір кісідей жұмыла жұмыс жасады. Отанға, елге қызмет етті. Соғыстағы азаматтарға 270 жылы киім, 55 ірі қара мал етін жіберіп, 5 тонна қара металл жинастырып, Үкімет пен партияның берілген міндеттемелерін асыра орындады. Сондай қиын сәттерде де ұлытаулықтар ет пен жүн, сүт пен май тапсыру жоспарын тапсырылған межеден артық орындап шықты.
Сол кездегі колхоз төрағалары Жантілеу Анаров, Тілеу Аманов, Кәтжан Байділдин, Қасым Бәймендинов, Нәшкен Ыдырысов, Нәби Шопағұлов, Әбжаппар Сүлейменов, Әне Сағымбаев, Кәрібай Найманбаев, Төлеген Әбенов, Дүйсембек Бекембаев, Омар Айранбаев, Төлепберген Қодықов, Өтепбай Рысмағанбетов сынды азаматтар осындай қиын сәттерде ел басқарып, қызылтаяң шақтан елді аман-есен алып шықты.
Тың және тыңайған жерлер игеріле бастаған жылдарда бұрынғы ірілі-ұсақ колхоздар біріктіріліп, орындары совхоздармен алмасты. Ұлытау ауданында да осындай жолмен 1957 жылы (Ұлытау, Аманкелді, Шеңбер, Қаракеңгір, Сарыкеңгір) бес совхоз құрылды.
Кейіннен 1962 жылы Алғабас жеке совхоз болып, Сарыкеңгірден бөлініп шықты. 1973 жылы Жезқазған облысы ашылып, Қарағанды облысына қарап келген Ұлытау ауданы Жезқазған облысының құрамына енді. Осы тұста, ауданымызда астық өндіретін егін алқаптары кеңейтілді. 1976 жылы Алғабас совхозының құрамынан Егінді совхозы еншісін алып бөлініп шықты. 1980 жылы Шеңбердің құрамынан Терісаққан бөлініп шығып, егін шаруашылығымен айналысатын совхоз болып құрылды. Сол жылдары екі егін совхоздарында 200-ге жуық комбайн, 70-ке тарта трактор болды. Егін алқаптары 60 мың гектарға дейін жетті. Екі совхозда астықтан мол өнім алып, жоғары көрсеткішті көрсетті. Бұл Кеңес дәуірі кезі еді.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Жезқазған облысы әкімінің 1992 жылғы 28 ақпандағы шешімімен Серік Тілеубаев Ұлытау ауданының алғашқы әкімі болып тағайындалды. Сол жылы Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына қатысқандар арнайы Ұлытауға келді. Келесі жылы Ұлытау іргесінде Ұлт бірлігі мен мемлекет тұтастығы монументі орнатылатын орынға белгітас қойылды.
1997 жылдың 23 мамырында ҚР Президентінің Жарлығымен Жезді ауданы таратылып, оның жері мен шаруашылығы Ұлытау ауданының қарамағына түгелдей өтті. Қазір Ұлытау ауданының аумағы 12 293 105 гектарды алып жатқан үлкен аймақ. Аудан солтүстік-шығысында Қарағанды облысы Нұра ауданымен, солтүстік-батысында Қостанай облысымен, оңтүстігінде Қызылорда облысымен, оңтүстік-шығысында Жаңаарқамен, оңтүстік-батысында Ақтөбемен шектеседі. Аудан құрамында 12 ауылдық округ, 3 кент бар. Тұрғындар саны 17 635 адам.
Ұлытау ауданы Қарағанды облысының қарамағына ҚР Президентінің 1997 жылғы 3 мамырдағы №3483 Жарлығымен Жезқазған облысы таратылған соң барып қосылды. Уақыт өте келе ширек ғасырдан кейін 2022 жылы Ұлытау облысы ашылып, Ұлытау ауданы жаңа облыстың құрамына енді. Қазір Ұлытау тоқсан жолдың торабы болмаса да тоғыз тарау туризмді дамытуға сұранып тұрған аймақ.
Өлкемізде тарихи-мәдени ескерткіштер өте көп. Тарихи тұрғыдан алғанда республикалық маңызы бар 11 ескерткіш осы өлкеде шоғырланған. Олар Айранбай, Жошыхан, Алашахан, Болған ана, Домбауыл, Кетебай, Лабақ, Дүзен мазарлары, Мақат сағанасы, Басқамыр және Аяққамыр қалашықтары, сонымен қатар, Алтыншоқы, Хан ордасы секілді тарихи орындар бар. Бұлардың әрқайсысы көнелігімен керемет, ғажайып тарихи ескерткіштер.
Қорыта айтқанда, біз сөз етіп отырған Ұлытау ауданы дамудың даңғыл жолымен жарқын болашаққа көш түзей бастаған іргелі аудан. Өңір жұртшылығы сексен жетінің бедерлі белесіне ымыра-бірлігі ұйыған, елеулі істерді еңсерген, кемел келешекке құлаш керген берекелі қалпында шығып отыр.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.