Мешіт – ғибадат орны

Ұлытаудағы көне мешіттер — халқымыздың рухани тарихын, имандылық жолын және сәулет өнерін айшықтайтын асыл мұра. Ұлытау өңірін сан жылдар бойы зерттеген тарихшылар мен ғалымдар бұл өлкеде тек кен мен қазына ғана емес, мәдениет пен діннің де терең тамыры жатқанын дәлелдеп келеді. Тасқа қашалған жазулар мен кірпішке өрілген таңбалар — бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес байлық.

Қазақ даласында сәулет өнерін шебер меңгерген ұсталар өз қолтаңбасын мешіттер мен кесенелерге қалдырған. Бұл еңбектер «Мен мұсылманмын, дінім ислам» деген үнсіз куәлік іспетті. Ұлытау орталық музейінде сақталған тас белгілердің өзі сол заманның өркениеті мен руханиятынан сыр шертеді.
Аңызға айналған Ұлытау төңірегінде ата-бабаларымыз сәждеге бас қойған, маңдайы жайнамазға тиген талай қасиетті орындар болған. Ел аузындағы әңгімелер мен тарихи деректерге сүйенсек, өңірде мынадай көне мешіттер болғаны белгілі.
Атап айтсақ, Ақ мешіт (Ұлытау), Жакуда мешіті (Шеңбер), Ахмет Ишан мешіті (Қорғантас), Оспанбек қажы мешіті (Терісаққан), Дулығалы мешіті (Байқоңыр), Ахметжан мешіті (Сарысу), Бірмаша мешіті (Қарсақбай) – осы аталған мешіттер Ұлытау өңірінде болғандығы айтылады.
Бұл мешіттер тек құлшылық орны ғана емес, ел бірлігі мен тәрбиенің, білім мен руханияттың ордасы болған. Бүгінде олардың кейбірінің орны ғана қалса да, халық жадындағы қасиеті өшкен жоқ. Өткеннің ізіне тағзым ету — болашаққа деген құрмет. Ұлытаудағы көне мешіттер соның мәңгілік белгісі.

Думан ЖҰМАНОВ.