Ұлттық рухтың жанашыры
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф, өнертанушы, зерттеуші ғалым Өзбекәлі Жәнібекті елімізде білмейтіндер кемде-кем. Ол – ұрпақ тәрбиесін жақсартуға, ұлттық мәдениетті дамыту ісіне, халқымыздың дәстүрлі өнерін дүниеге танытуға өзіндік үлесін қосқан адам.

Адам болмысы басқаша. Ол шикі болмысқа жатады. Яғни, туған кезде оның кім болатынын, дүниеден өтер сәтте қандай күйге түсетінін ешкім болжай алмайды. Өмір – адамға мәңгі өлмес болмысқа айналу үшін Жаратушыдан берілген қайталанбас мүмкіндік. Бірақ оның шарты бар. Шарты – ар алдында, қоғам алдында, ұлт алдында, Құдай алдында қиналмай адамдық борышты арқалау.
Өзбекәлі Жәнібек билік басында жүрсе де еліміздегі тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қайта қалпына келтіру жұмысына бейжай қарамағандығы күллі жұртқа аян. Саналы ғұмырын қазақтың жоғын түгендеумен өткізді. Айрықша күмбезі көкпен таласқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің болашағына қатты алаңдағаны да белгілі. Алып кешенді қайта жөндеуден өткізу, жарты ғасырдан астам уақыт бойы бөтен елде жатқан тайқазанды елге қайтаруда Өзбекәлі үлкен жауапкершілік арқалады. Ол: «Тайқазанның оралуы – халықтың ырысы мен берекесінің оралуы» деп есептеді. Жүктелген міндетке жауапкершілікті тереңірек сезіне білгендіктен бе, әлде тәубеден жаңылмайтын тәлім-тәрбиенің құдіретіне бой ұсынғандықтан ба, әйтеуір, кемшілік атаулыға төзе білмейтін әдет бойында сол кезден қалыптасқан сияқты.
Кеңес дәуірінде қазақ мәдениеті мен руханиятына ұлы төңкеріс жасаған Өзбекәлі қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетін, халқымыздың жоғалған құндылықтарын қайта жаңғырту жолында қандай жанкештілікке барғанын біле бермейміз. Жалпы, ұлтқа жанқиярлығымен еңбек сіңірген қайраткерлер айтылмады, тұлғалар танытылмады. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» дегендей, уақыт өте келе ұлттық өнер болмысының жоғалып бара жатқанын білген ағартушы Санжар Керімбай ағамыздың «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының шығуымен тікелей байланысты. Автордың бұл кітапты жазудағы мақсаты – тек ақпарат беру емес, Өзбекәлі Жәнібектің өмір жолы мен елге еткен қызметін үлгі ету арқылы оқырманға ой сыйлау. Әсіресе, өз тарихы мен төл мәдениетінен алшақтау арқылы ұлтсыздану мен рухсызданудың алдын алу. 2023 жылы жарық көрген бұл кітапты оқи отырып, біз де ой түйдік. Осыдан кейін мектебімізде дөңгелек үстелдер өткізіп, Өзбекәлінің болмысын насихаттауға арналған іс-шаралар ұйымдастырдық. Мен Ұлытау өңіріндегі Жошы хан мазарының ішіндегі көне жәдігер «шырағдан» және кесене кірпішінің құрамына зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Осы зерттеулердің барлығына себепші болған – Өзбекәлі Жәнібектің ұлттық өнерге деген жанашырлығы.
Ауыл мектебінен білім алып, жоқшылыққа қарамай, газет шетіне көмірдің қара күйесімен жазу жазып, интернатта жүріп өз бетінше орыс тілін меңгеріп, қайраттылығымен шыңдалып шыққан Өзбекәлі қазіргі жас буынға үлгі болар тұлға. Осы табандылығының арқасында ұлт мүддесін қорғауда үлкен жетістіктерге жетті. Оның бала күнгі алған тәрбиесі, тыңдаған аңыз-әңгімелері, жыр-дастандары тұлға болып қалыптасуына негіз болды.
Биыл қазақтың ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібектің 95 жылдық мерейтойына орай, Қазақстанның барлық өңірінде қойылымдар өтті. «Талант» театрының режиссері Берікқан Төкеновтің айтуынша, дайындық барысы 6 айға созылған. Сахнада ауыл өмірі, ұлттық құндылықтар мен жас буынның рухани ізденісі бейнеленді. Өзбекәлі рөлін сомдаған актер Диас Жағыпаров үшін бұл үлкен жауапкершілік болды. Көрермен залға лық толып, қойылым рухани әсер сыйлады. Бұл сахналық туынды адам болмысының қалай қалыптасатынын терең ұғындырды. Өзбекәлінің байсалдылығы, табандылығы, сөйлеу мәдениетіндегі тектілік көрермен жүрегіне жетті. Театрдың адам жанын тәрбиелейтін үлкен күш екенін сол кезде түсіндім.
Адамдық борышты дұрыс атқарып, аманатты арқалап өткен адамға Алла Тағала мәңгілік болмыс сыйлайды. Мұндай тұлғаның өзі өмірден өтсе де, оның рухы мен ізі кейінгі ұрпаққа шамшырақ болып қалады. Өзбекәлі Жәнібек – ұлттық рухтың, тілдің, дәстүрдің қайта түлеуіне өлшеусіз үлес қосып кеткен мәңгі өшпес тұлға.
Ақниет ЖҰМАБЕК,
№6 Жезді тірек мектебінің 11-сынып оқушысы.