Халқына адал ұл еді
Арқа сүйер асқар тауым еді… Осы сөздер ағам Нұрғали Жарасбаевтың асыл бейнесін еске алғанда жүрегімде ерекше толқуды оятады. Ол менің өмірімде ең үлкен ұстаз, тірегім, қамқоршы ағам болды. Биыл оның туғанына – 100 жыл. Осы мерейтойына орай өткен күндерді еске алып отырғанда, ағамның ғибраты мен еңбегін, соғыс жылдарындағы қажырлы күресін және бейбіт уақытта көрсеткен табандылығын сөз етпеу мүмкін емес. Оның өмір жолы бізге – ұрпағына тек үлгі-өнеге ғана емес, ел мен жер үшін қызмет етудің нағыз мәнін түсіндіретін өсиет болып қалды.

БАЛАЛЫҚ ШАҚ ЖӘНЕ АУЫЛ ӨМІРІ
Нұрғали ағамның туған жері – Ұлытау ауданының ең көркем ауылдарының бірі, табиғаты тамаша, сылдырап аққан бұлағы мен қайыңы мен терегі аралас өскен «Арпабұлақ». Бұл жердің өзіндік сұлулығы, тыныштығы мен айрықша құндылықтары ағамның бойында туған жерге деген терең сүйіспеншілік сезімін оятып, оны шынайы патриот етіп тәрбиеледі. Өзінің есінде сақтағандай, ол бұл жерді екінші Швейцария деп атайтын. Оның айтқанындай, «Арпабұлақ» табиғаты шынымен де жүрекке жылулық сыйлайтын, жаныңа тыныштық беретін орын еді.
Әкем Жарасбай бес ағайынды болған. Олар Жарасбай, Болысбай, Таласбай, Төлеген, Әлімжан еді. Кіші інісі Әлімжан 1942 жылы соғысқа аттанып, 1944 жылға дейін хабарласып тұрып, кейін хабарсыз кетті. Шешем үй шаруасындағы қарапайым кісі еді. Алты бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының үлкені Нұрғали атам Амандық пен әжем Қалияның бауырында болды. Ата-әжесі Нұрғали ағамды бетінен қақпай еркелетіп өсірді. Ағам оқу жасына келгенде отбасымызбен Ұлытауға көшіп келдік. Сол кезде мен 5-6 жас шамасындағы бала едім. Менің алдымда Күләйша, Шайжамал, Жаңыл, інілерім Кәрім, Қуаныш болды. Ол уақытта халықтың күн көрісі, жағдайы қиын болатын. Біз үшін бала болып ойнау, жаңа киім киіп жүру, тойып тамақ ішу – бәрі арман болатын. Алайда, бұл қиындықтар ағамның жігерін сындырған жоқ. Ол өмірдің барлық сынақтарына төтеп беріп, өз жолын таба білді.
СОҒЫС ЖЫЛДАРЫ ЖӘНЕ АҒАМНЫҢ ЕРЛІГІ
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Әр отбасынан соғысқа шақыру қағаздары келе бастады. Мектептегі ер мұғалімдері де соғысқа аттанды. Балалардың көпшілігі сабақты тастап, жұмысқа араласты. 1942 жылы жетінші сыныпты бітірісімен ағам Нұрғали аудандық қаржы бөліміне қызметке орналасты. Салық агенті болды. Содан 1944 жылға дейін қызметін абыройлы атқарды. 1944 жылдың күз айында ағам 18 жасында әскер қатарына шақырылды. Алғашқыда Ашхабад қаласында үш айлық мергендер дайындайтын курсқа оқып, кейін ішкі істер министрлігінің мекемесіне қызметке қалдырылды. Тұтқынға түскен немістерді жұмысқа алып бару оның соғыстағы қызметінің бір бөлігі болды. Соғыстан кейінгі шаруашылықтарды қалыпқа келтіру ісіне белсене қатысқан ағам 1950 жылға дейін елге оралмады. Оның осы уақыт ішінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы өз алдына бір дастан. Біз үшін ешқашан ұмытылмайтын іс қалдырды. Ол тек физикалық тұрғыдан емес, моральдық тұрғыдан да ерекше өсу мен шыңдалу жолын жүріп өтті.
БЕЙБІТ ӨМІРДЕГІ ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕК
Соғыстан кейінгі бейбіт еңбек жолы Нұрғали аға үшін жаңа сынақтар мен мүмкіндіктер әкелді. Әскерден келген соң, бұрынғы қызмет атқарған қаржы мекемесіне қайта оралып, бес жыл экономист, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. Жұмысқа деген жауапкершілік, алғырлығын көрсетіп, қаржы мекемесінің басшысына тағайындалды. Сырттай оқып білімін көтерді. Сол кезеңде қарамағындағы бірнеше жас мамандарды қаржыгер етіп тәрбиелеп шығарды. Сөйтіп, он үш жыл бойы қаржы мекемесінің басшысы болды. Бірнеше рет аудандық кеңеске депутат болып сайланды. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1967 жылы «Қаржы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, Қаржы министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. Бұл оның тек өз жұмысына ғана емес, еліміздің экономикалық дамуына қосқан үлкен үлесі болды.
Ағам өзінің кәсіби қызметімен қатар, отбасына да ерекше көңіл бөлді. Зайыбы Майтан екеуі алты бала тәрбиелеп, оларды адалдыққа, еңбекқорлыққа, ең бастысы – білімге бағыттады. Бала тәрбиесінде ағамның бір ерекшелігі – балаларының жоғары білім алуына бар күшін салды. Қазір балаларының бәрі жоғары білімді мамандар, еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Ал оның немерелері мен шөберелері де өсіп келеді, солар арқылы ағамның өмірі мен мұрасы жалғасып отыр.
ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ
«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген нақыл сөз Нұрғали ағаның өмірін сипаттауға толық сәйкес келеді. Оның өмірі мен қызметі ұрпақтары үшін үлкен сабақ. Ол жоқ болса да, оның ізбасарлары, ұрпақтары оның ізін жалғастырып, ағамның абыройын асқақтатып жүр. Әрбір ісі, әрбір сөздері мен тәрбиесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Ағам өмірден озғанына қанша жыл өтсе де, ол әлі де біздің ойымызда, жүрегімізде.
Мен ағамды әрқашан сағынамын, оның ақыл-кеңестерін, оның батылдығын, ең бастысы – адамгершілігін ешқашан ұмытпаймын. Оның өмір жолы мен еңбегі – біздің жолымызды бағдарлайтын жарық жұлдыз. Ағамның 100 жылдық мерейтойы оның ұрпақтарына, оның өмірін құрметтеген барлық адамға үлкен мәртебе, рухани байлық әкелді.
Балымша ЖАРАСБАЕВА,
қарындасы.