Ұлытаулық саяхатшы елге оралды
Осыдан екі ай бұрын Париж қаласына жаяу аттанған жиһанкез Сәрсенбай Қотырашов 4 мамыр күні аудан орталығына аман-есен жетті.

Сәрсенбай Оспанұлы жаяу жүруді әуелі өз елімізде бастаған қарт саяхатшы. 2022 жылы 72 жасында Қазақстанның 17 облысын жаяу аралап, елге танылған кісі. Сол жылы оның есімі отандық КИнЭС рекордтар кітабына енген.
2023 жылы ол Атыраудан жолға шығып, Кавказ өңірі мен Грузия арқылы Түркияның Стамбұл қаласына жаяу сапарлап келген. 2024 жылы сапарын Өскеменнен бастап, Алтай, Моңғолия арқылы Қытайдың Бейжің қаласына дейін барған.
Биыл 76 жастағы қария Сербия, Мажарстан, Австрия, Германия елдері арқылы өтіп, сапарын Франция аумағында аяқтады. Сапар барысында саяхатшы қазақтың көшпелі мәдениетін әлемге насихаттады. Осы еңбегі үшін Сәрсенбай ақсақалға Туризм және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» атағы берілді.
Қарт жиһанкез Ұлытауға келгенде, оны аудан жұртшылығы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ғимараты алдында қарсы алды. Ғимарат ішінде көрермендерге жиһанкездің саяхаттарын баяндайтын көрме көрсетілді. Бұдан кейін іс-шара Сәрсенбай Оспанұлының құрметіне арналып, дөңгелек үстел басында жалғасты. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек сөз сөйлеп, саяхатшының бағындырған белестерін баяндады. Сөз соңында аудан әкімінің орынбасары Сәрсенбай ақсақалдың иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады. Өз кезегінде жиһанкез жаяу жүрудің қызығы мен қиындығын баяндап, ұлытаулықтарға алғысын білдірді.
Кездесу соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ташенов жылы лебізін білдіріп, саяхатшының алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.