Тұрғындар тілегі – назарда

Билік пен бұқараның сәрсенбідегі кездесуі Ұлытау ауданының мәдениет үйінде өтті. Кездесуде облыс әкімі Дастан Рыспеков облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижесімен, алдағы міндеттерімен таныстыра отырып, мазмұнды баяндама жасады. Әкімнің бұл жүздесуі – бұқарамен бетпе-бет тілдесіп, бүкпесіз ашық әңгіме өрбіткен еркін форматтағы кездесу болды. Бұл жолы жиынға аудан тұрғындары молынан жиналды. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Мұны біз билік пен бұқара арасындағы тығыз байланыстың көрінісі деп бағаладық.

Үш сағатқа созылған кездесуде бірқатар мәселелер көтерілді. Әңгіме ашық айтылып, жаңа меже айқындалды. Әдеттегідей, әкім баяндамасынан соң, кездесудің екінші бөлімі – диалог түрінде өрбіді. Тұрғындар абаттандыру, жол, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, елді мекендерді газдандыру мәселесін көтеріп, өзекті проблемаларды алға тартты. Әсіресе, тұрғындар жөнделіп жатқан жолдардың сапалы салынуына билік өкілдері мән беруді айтты.
Бұл жөнінде облыс әкімі Дастан Адайұлы Ұлытау ауданының инфрақұрылымын дамытуға қатысты пікірін білдіріп, жолдың сапалы салынуына әрдайым бақылау жасайтындығын жеткізді. Облыс әкімінің айтуынша, аймақта халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында біршама жұмыстар қолға алыныпты. Қаржының көп бөлігі ауылдарды абаттандыруға, жолдарды жаңғыртуға және әлеуметтік нысандарды жөндеуге бағытталып отыр екен.
Ал, газдандыру мәселесі келесі жылы Жезді кентінен басталатын болды. Аудан орталығындағы аурухана құрылысы үстіміздегі жылдың соңына қарай аяқталады деп күтілуде. Сондықтан, ауданға қажетті медициналық кадрларды жасақтауды, көтермеақы мәселесін уақытылы шешуді Дастан Адайұлы жауапты тұлғаларға міндеттеді. Ауданның тазалығы мен көркін сақтауда нәтижелі жұмыстар жүргізілу керектігін ескертті. Туған жерге деген жанашырлық пен жауапкершілікті күшейту, тек таза қоғам қалыптастырудың кепілі ғана емес, сонымен қатар, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай тәрбиелік мәні зор қадам екендігін атап өтті. Сөз арасында Дастан Адайұлы Ұлытау ауданын дамытуға қатысты бірқатар жобалар бар екендігін де тілге тиек етті. Соның ішінде тарихи орындарға жол салу, құрылыс нысандарын жетілдіру бағыттарына маңыз бере сөйлеуі аудан халқына ерекше тебіреніс әкелді. Бұл кездесуде облыс басшысының халық үшін жасалынып жатқан жұмыстарының оң көріністері тұрғындар көңілінен шыққан сыңайлы. Мұның барлығын облыс басшысының істі тиімді ұйымдастыруымен ұтымды басқара білуінің нәтижесі деп топшыладық. Өйткені, әкімнің баяндамасының астарында үлкен үміт пен сенімнің сәулесі жатты. Баяндамасы да көңілге қонымды, мазмұнды болды. Құрғақ уәде, сылдыр сөзден ада. Сөзі мен ісінің арасында алшақтық көрінбеді. Содан да болар, залдағы қауым әкімнің баяндамасын тыңдаудан еш жалыққан жоқ. Бағдарлап қарасақ, облыс әкімі мен аудан әкімінің атқарған жұмыстары жұрттың көз алдын да рет-ретімен іске асырылып жатыр.

Осыны ескерген аудан тұрғындары жиында сұрақ қоймай, бірден алғыс айтуға көшті. Жезді кентінің абыз ақсақалы Қадыр Құлахметов, Борсеңгір ауылының ардагері Жусанбай Тыныбеков, ұлытаулық Мақсұт Смайлов, Қоскөл ауылынан келген Қалдыбай Қажы сөз сөйлеп, облыс, аудан басшыларына алғыстарын білдірді. Арасында ел жанашырлары Сарысу ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамсап Әшенов, Ұлытау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ташенов, Алғабас ауылының ардагері Серік Әліппеков көңіл төріндегі ойларын айтып, көкейде жүрген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Олардың ұсыныстары жеке бастың қамын күйттеген мәселелер емес, елдік тұрғыда ортақ мәселе болды. Осы жағы кім-кімге болса да зор әсер етті. Ардагерлердің қозғаған мәселелері ауылды газдандыру, аудандағы аяқталмаған құрылыстарды жөнге келтіру, облыстық «Ұлытау» телеарнасы хабарын елді мекендерге таралуын қамтамасыз ету сияқты күрделі мәселелерді сөз етті. Ардагерлердің бұл сауалдары елеусіз қалған жоқ, сұрағына орай жауаптарда қайтарылды. Әр сұраққа облыс әкімі Дастан Адайұлы мен аудан әкімі Аманжол Батырбекұлы орнықты әрі тұщымды, дәйекті негіздегі жауаптарды қайтарып отырды.
Кездесу барысында билік өкілдері тарапынан жалған сөйлеу, сөзден жалтару әрекеттері мүлдем кездескен жоқ. Құрғақ уәде, сылдыр сөзбен сырғытпай атқарған жұмыстардың аясында ғана ой түйіп, салмақты сөйлей білді.
Осындай жақтары жиынға қатысқандарға ұнаған тәрізді. Олардың әкімдерге алғыс айту – себебі де осыдан.
Қалай дегенмен, «Еркін микрофон» форматындағы кездесу көптің көңілінен шыққандай болды. Әркім өз ойындағы ұсыныс-пікірін айтуға кең мүмкіндік туды.
– Бұл кездесу тұрғындар үшін өте пайдалы болды. Ол шынайы және ашық түрде өтті. Сонымен қатар, проблемалық сұрақтар көтеріліп, оларға нақты жауаптар ала алдық, — дейді аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Баймағанбетов.
Жалпы айтқанда, облыс әкімі Дастан Рыспековтің осы жылға межелеген жұмыстарының мақсаты айқын, бағдары анық. Біздің баяндамадан көңілге түйген ойымыз осы. Тарқатып айтсақ, биылғы жылға бөлінген қаржы да аз емес, мәселе ұқсата білуде болып тұр.
Қысқасы, облыс әкімімен кездесуде алаңдаған ойға, үміт жол берді. Осындай жақтары тұрғындардың көңілін қуантты. Оның дәлелі тұрғындар тарапынан әкімдерге сын-ескертпелер көп айтыла қойған жоқ. Барлығы ризашылықтарын білдіріп, «жақсы» деген пікірде болды. Бұл кездесуде билік пен бұқара ресми емес, ашық форматтағы пікір ұстанымдарды берік ұстанды. «Солай болса екен» деген жекеленген ұсыныстарда аяқсыз қалмады. Әркім өз ойын ашық айтты, шектеу болған жоқ. Ең бастысы, сауалдарға келісті жауаптар қайтарылып отырылды.
Жалпы, бұл кездесуді билік пен бұқараны жақындастырған ымыра бірліктің көрінісі десе де болады. Облыс әкімінің кездесуінен риясыз көңілмен, жылы сезімде тарқасқан жұрттың жүзінен біз соны аңғардық.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.