Татулықты ту еткен мереке
Ұлт ұясы – Ұлытауда Қазақстан халқының бірлігі күні өз деңгейінде аталып өтті.

Мерекелік шара Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмат Сакиповтың құттықтау сөзімен ашылды. Аудан әкімінің орынбасары Қазақ елінің тұтас мемлекет болып қалыптасуындағы елдің бірлігіне, татулығына, ұлтаралық қарым-қатынастың тұрақтылығына кеңінен тоқталып, әр шаңыраққа шаттық тіледі.
Мерекелік концерт «Достық» композициясымен бастау алды. Әуелі тақырып мазмұнына сай патриоттық әндер шырқалды. Мәдениет үйінің арынды әншілері Нұржан Сүйінбаев пен Мәдина Жұмабаева «Өз елім» әнін орындап, патриоттық рухты көкке өрлетті. «Жігіттер триосы» орындаған «Туған дала» әні тыңдарман жанарын өнердің жауһарына суарып, құлағымызға рухты саз, Ұлы Даланың үнін жеткізді. Өзге ұлт өкілі Зульфия Денюшева «Роза» әнін орындап, сезімтал жүректегі сырлы сезімдерді ән әуенімен оятқандай болды.
Көрікті шара барысында «Назқоңыр» балалар ән тобының мазмұнды әндері өз мәнінде орындалып, көрермен көңілінен, тыңдарман талғамынан шыға білді. Сөйтіп, бүлдіршіндер өнерімен көпшілікті сүйсінтті. Өрімдей балалар шалқар шабытпен, шынайы шеберлік танытты. Әсіресе, әр ұлттың киімін киіп, мың бұрала билеген бишілер көрермен қауымды шалқыған шаттықтың кеңістігінде толқытты.
Концерт соңы балалардың қосыла шырқаған «Ақ көгершін» әнімен түйінделді. Осылайша, аудан орталығында ұйымдастырылған «Бірлік пен татулық еліміздің мерейі» атты мерекелік концерт көпшіліктің көңілінен шықты.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.