«TURGYNDAR AMANATY»: Ұлытау облысында тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғыртуға бағытталған ауқымды форум өтті

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жаңа реформа өңірлерде нақты мазмұн ала бастады. «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында Жезқазғанда өткен форум көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа моделін енгізу, МИБ пен ПИК жүйесін жетілдіру және тұрғындардың шешім қабылдауға қатысуын кеңейту мәселелерін күн тәртібіне шығарды.
Форум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту және басқарудың жаңа моделін қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларына негізделген. Бүгінде бұл «AMANAT» партиясының жобасы нақты өңірлік диалог пен институционалдық өзгерістерге бастау болып отыр.

«Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты форумда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жаңғырту, меншік иелерінің рөлін күшейту және басқару субъектілерінің жауапкершілігін арттыру мәселелері кеңінен қаралды. Ауқымды іс-шараға «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалды, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, мәслихат депутаттары, коммуналдық сала мамандары, сондай-ақ МИБ пен ПИК төрағалары қатысты.

Жиында «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев «TURGYNDAR AMANATY» жобасының стратегиялық маңызына тоқталып, бірқатар өңірдегі нәтижесін атап өтті. Оның айтуынша, бұл салада нақты нәтижеге бағытталған практикалық шешімдер қабылдау аса маңызды екенін атап өтті.
«AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық саяси тірегі ретінде халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған маңызды жобаларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Солардың бірі – «TURGYNDAR AMANATY» жобасы. Бұл бастама – МИБ пен ПИК жүйесін жетілдіріп қана қоймай, тұрғындардың өз үйіне иелік ету мәдениетін қалыптастыратын жаңа қоғамдық модель. Осыған байланысты бүгін біз мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері төрағаларымен бірге алдағы бірлескен жұмысымыздың басым бағыттарын айқындау үшін жиналып отырмыз», – деді ол.
Партия Хатшысының айтуынша, партия өз сайлауалды міндеттемелерін орындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, Ұлытау облысында 47,3 млрд теңгені құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба іске асырылып, 630-дан астам жұмыс орны құрылған. Ауыл шаруашылығы мен туризм салаларында да нақты нәтижелер бар. Инфрақұрылымдық даму аясында 189 шақырым жол жөнделіп, әлеуметтік салада 3 мектеп, 3 балабақша және денсаулық сақтау саласында 21 нысан пайдалануға берілген.

Өңір басшысы Дастан Рыспеков Ұлытау облысында тұрғын үй қорын жаңғырту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде 559 кондоминиум нысаны заңдастырылған, бұл жалпы қордың 36 пайызын құрайды.
«Бүгінде тұрғын үй қорын жаңғыртуға бағытталған реновация бағдарламасы әзірленіп, сәйкесінше инвесторлар тарту арқылы жұмыстар басталды. Жоба аясында инвесторлар қаражатының қолдауымен Жезқазған, Сәтбаев қалаларында апатты деп танылған үйлер кезең-кезеңімен бұзылып, олардың орнына заманауи тұрғын үй кешендері салынады. Біздің мақсат –әрбір тұрғын үшін қауіпсіз, жайлы әрі сапалы тұрғын үй ортасын құру. «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясындағы бүгінгі кездесу осы мақсатқа қол жеткізу үшін нақты қадамдарды анықтамақ», – деді ол.

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдының айтуынша, тұрғын үйді басқару саласындағы жаңа заңнамалық өзгерістер пәтер иелері мен басқарушы ұйымдар арасындағы түсініспеушілікті жоюға бағытталған. Енді басқару жүйесі ашық әрі есеп беретін болады, ал тұрғындардың шешім қабылдауға қатысуы кеңейеді.
«Үйді басқару түрі меншік иелерінің кемінде 51 пайыз дауысымен анықталады. Жаңа модель бойынша тұрғындарға үйді басқарудың бірнеше форматы ұсынылады: МИБ, ПИК, басқарушы компания, тікелей бірлескен басқару және уақытша басқарушы ұйым. Бұл жүйе тұрғындардың шешім қабылдау процесіне тікелей қатысуын қамтамасыз етеді. Бұл басқару формалары – жай ғана таңдау емес, тұрғындардың жауапкершілігін арттыратын, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ететін және басқару сапасын күшейтетін нақты құрал», – деді ол.

Форум соңында қатысушылар бұл жобаның басты мәні тек инфрақұрылымдық реформаларда емес, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруда екенін атап өтті. «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғын үй басқаруын жаңа деңгейге көтеріп, оны әлеуметтік сенім, ашықтық және ортақ жауапкершілік жүйесіне айналдыруға бағытталған ұзақмерзімді трансформация ретінде бағаланды.