Көше көркі – көпке ортақ

Қыс көрпесі түріліп, көктем шуағы жердің бетін жаңартып, жандандырғанымен, қыс бойы төгілген қоқысты жасырар амалымыз жоқ. Әрине, көшенің көркі мен тазалығы – әркімнің экомәдениетіне қатысты жауапкершілік.

Кеше аудан басшылығының бастамасымен құрылған жұмыс тобы «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жаңаарқа ауданы орталығының көшелері мен барлық кәсіпкерлік нысандарын аралап, көктемгі санитарлық тазалық жұмыстарына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жұмыс тобының құрамында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Ибраев, кент әкімінің орынбасары Жанат Тажитов, аудандық мәслихат депутаты Мердан Атамұрат, құрылымдық бөлім басшылары, қоғамдық кеңес мүшесі және учаскелік полиция инспекторлары болды.

Бұл – жыл сайынғы дәстүрлі шара. Жалпы, Жаңаарқа кентінің тұрғындары мен бизнес өкілдері бұл талапқа әбден дағдыланып алған. Ортақ игіліктен оқшауланып, «Бұл – менің меншігім. Қалай ұстасам да, өзім білемін» деген менмендікке салынғаны жоқ. Сонда да, аудан әкімдігі көктемгі абаттандыру жұмыстарын назардан тыс қалдырған емес.

Шара барысында барлық коммерциялық құрылым иелеріне нысандардың қасбетін әрлеу, қоршауларын қалпына келтіру, аула жолдарын қалыпқа келтіру жөнінде ескертулер жасалып, нұсқаулықтар берілді. Сондай-ақ, жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты үйлер тұрғындарына да өздеріне тиесілі аумақты таза ұстау жөнінде ескертілді. Меншік иелері де баршаға ортақ талапты түсіністікпен қабылдап, акция барысында белсенділік танытуға ынталы екендіктерін жеткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Мұрат Есіркепұлы сауда ғимараттарын жалға беріп, өздері басқа қалада тұрып жатқан меншік иелеріне сол жерде бейнеқоңырау арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұтынушыларға қолайлы орта қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Санитарлық тазалық талаптарына салғырт қараған меншік иелеріне заң аясында жауапкершілік бар екендігін де ескертіп, сын-ескертулерді нақты орындау мерзімі бекітілді.

Көктемгі абаттандыру жұмыстары – айыппұлмен қорқытып, мәжбүрлеу емес, әр адамның ішкі мәдениеті мен туған жерге деген жанашырлығы арқылы атқарылатын патриоттық шара. Рейдтің де мақсаты – осы.

Бұл бағыттағы жұмыстары жалғасын табады. Сондай-ақ, алдағы сенбіліктерде аудан тұрғындары мен кәсіпкерлері белсенділік танытып, ортақ іске жұдырықша жұмылатын болса, кент көшелері ажарлана түсетіні белгілі.
Мен де өз туған жерімнің патриоты ретінде, барша жерлестерімді алдағы сенбіліктерге белсене қатысып, ауданымызды көркейтуге үлес қосуға шақырамын!

Нұргүл ШАМАЕВА,
Жаңаарқа аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі.