«Киелі Ұлытау» көрмесі – Маңғыстауда
Қазақ халқының бай мәдениеті мен ғасырлар қойнауынан жеткен салт-дәстүрлерінің бірі – Көрісу күні (Амал мерекесі). Жыл сайын 14 наурызда атап өтілетін бұл күн – қыстан аман шығып, көктеммен қауышудың, адамдардың бір-бірімен жүздесіп, амандық-саулық сұрасатын ерекше сәті. Көрісу – тек сәлемдесу ғана емес, ол – ағайын-туыс, көрші-қолаң арасындағы татулықты нығайтып, өкпе-ренішті ұмытып, жаңа жылды ақ ниетпен қарсы алудың белгісі. Бұл күні халық бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!» деп ізгі тілектерін айтып, үлкендерге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіреді. Осылайша, «Көрісу» күні ұлттық бірлік пен ізгіліктің, адамгершілік пен сыйластықтың айқын көрінісіне айналғаны мәлім.

Сол күні мерекелік іс-шара өткен Маңғыстау облыстық «Отпан тау» музейінің алаңы ерекше сән-салтанатымен көз тартты. Мұнда 30-ға жуық киіз үй тігіліп, ұлттық нақыштағы безендірулер көрермендерді бірден қазақы ортаға жетеледі. Әр киіз үйде қонақтарға ақ дастарқан жайылып, ұлттық тағамдары ұсынылды. Дастарқанға бауырсақ, қымыз, наурызкөже секілді ұлттық дәмдер қойылып, халқымыздың кең пейілді болмысын айқын көрсетті. Сонымен қатар, мерекелік бағдарлама аясында сахналық қойылымдар көрсетіліп, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлері әдемі бейнеленді. Ән мен күйден шашу шашылған концерттік бағдарлама көрермендердің көңілінен шығып, ұлттық өнердің құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді. Домбыраның күмбірлеген үнімен дәстүрлі әндер шырқалып, мерекенің ажарын аша түсті.
Ұлттық спорт ойындары да шараның ажырамас бөлігіне айналды. Асық ату, арқан тарту, қазақ күресі сияқты ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынасты. Бұл жарыстар тек көңіл көтеру ғана емес, сонымен қатар жастарды ептілікке, күш сынасуға және ұлттық рухқа баулудың тәрбие құралы екенін байқатты.
Аталған іс-шара тек мерекелік жиын ғана емес, сонымен бірге ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырудың маңызды алаңы болды. Осындай тағылымды шаралар арқылы жастар ата-баба дәстүрін тереңірек танып, ұлттық мәдениетке деген құрметі де арта түскені анық.
Аталған іс-шара аясында «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының қызметкерлері «Киелі Ұлытау» атты жылжымалы фотокөрме ұйымдастырды. Көрме «Отпан тау» музейінің көрме залында өтті. Мәдени іс-шараның басты мақсаты – Ұлытау өңірінің бай тарихи, мәдени және рухани мұрасын кеңінен таныстыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімді қалыптастыру. Осы мақсатта ұйымдастырылған көрмеде қазақ халқының салт-дәстүрі мен тарихи мұрасын насихаттау көзделді. Көрме «Көрісу» күні – «Амал» мерекесі аясында халықтың бірлігі мен рухани сабақтастығын көрсетуге бағытталды.
Бүгінде «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы аумағында Алтын Орда дәуіріне жататын оннан астам тарихи ескерткіш сақталған. Олардың қатарында Жошы хан кесенесі, Болған ана кесенесі, Құлан ана кесенесі, Аяққамыр кесенесі, Талмас ата кесенесі, Келінтам кесенесі, Едіге мазары, сондай-ақ Алтыншоқы секілді тарихи нысандар бар. Жылжымалы фотокөрмеде Ұлытау өңірінің тарихи ескерткіштері, табиғи ландшафтары, археологиялық мұралары мен киелі орындарын бейнелейтін фотосуреттер ұсынылды. Осының барлығы көрмені тамашалаушыларға Ұлытау өңірінің тарихымен танысуға мол мүмкіндік берді.
Көрменің ашылу рәсімінде «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану бөлімінің басшысы Азат Сабыржан сөз сөйлеп, көрменің өзіндік ерекшелігін тарихи тұрғыда кеңірек әңгімеледі. Сөз соңында бөлім басшысы шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, Ұлытау өңірінің тарихын танытатын кітапшалар мен буклеттерді табыстады. Бұдан кейін «Ұлытау» ұлттық қорық-музейінің кіші ғылыми қызметкері Дильназ Серікқызы келген қонақтарға көрмені таныстырды.
Іс-шараға тарихшылар, мәдениет саласының мамандары, музей қызметкерлері, студенттер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және өңір тұрғындары мен қонақтары қатысып, ұлттық мұраға деген қызығушылықтарын білдірді. Көрме Маңғыстау жеріне бір айға қалдырылды.
Қорыта айтқанда, «Амал» мерекесі аясында өткен бұл ауқымды шара – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, тарихи мұраны дәріптеудің, рухани сабақтастықты нығайтудың жарқын көрінісі болды. Осындай тағылымды бастамалар арқылы халқымыздың бай мұрасы келер ұрпаққа аманат етіліп, ел бірлігі мен мәдени тұтастығын арттыра түсуіне мол мүмкіндік береді.
Жасұлан АЯШЕВ,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының экскурсия жетекшісі.
