Аудандағы 95 жастағы әжені құттықтады
Аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов аудандағы ең жасы үлкен ақ жаулықты ана, 95 жасқа толған Күлдариға Нұртазаеваның шаңырағына арнайы барып, оны мерейтойымен құттықтады. Алмат Сакипов аудан әкімінің ізгі тілегін жеткізіп, гүл табыстап, қазақ дәстүріне сай иығына шапан жапты.

Күлдариға Нұртазаева 1931 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Оның балалық шағы қиын кезеңдермен тұспа-тұс келген. 1941 жылы әкесі соғысқа аттанып, одан хабарсыз қалған. Жастайынан еңбекке араласқан ол Қарсақбай зауытында және наубайханада жұмыс істеп, өмірінің 53 жылын адал еңбекке арнаған. Оның өмірі, қиындықтарға қарамастан, үлкен еңбекқорлық пен жанқиярлықтың үлгісі болып табылады.
Бүгінде Күлдариға әжеміз 6 немере, 8 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Оның өмірі мен ұрпақтары үшін үлкен маңызы бар. Әжеміз «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65, 70, 75 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Бұл медальдар оның сол бір ауыр әрі тарихи кезеңдегі ерлігін бағалаудың белгісі болып табылады.
Ең үлкен ана елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді. Оның ақ батасы мен шексіз ризашылығы ауданның барлық тұрғындарына қуаныш пен құт-береке әкелетіні сөзсіз. Күлдариға Нұртазаева – өткеннің өнегесін бүгінге жеткізген тірі тарих. Ол өз ұрпақтарына бейбітшілік пен татулықтың маңызын, еңбекқорлық пен адалдықты үнемі үйретіп келеді.
Аудан әкімі орынбасарының Күлдариға Нұртазаеваға жасаған құрметі – бұл жас ұрпаққа үлгі болып, үлкендердің еңбегін бағалау мен құрмет көрсетуіміздің маңыздылығын көрсетеді. Оған жасалған құрмет – әрбір ананың, әрбір ардагердің ұлт алдындағы еңбегін бағалаудың айқын белгісі.
Мұндай шаралар ардақты аналарды қадірлеу, олардың өткен өмірін құрметтеу мен ұрпақтарға үлгі ету мақсатында жасалуда. Күлдариға Нұртазаева сынды аналар біздің тарихымыздың ажырамас бөлігі, олар өз өмірімен болашаққа сабақ болады.
Аманкелді АҚШАЛ.
