Отбасын қолдау орталығы ашылды

Ұлытау ауданында отбасы институтын нығайтуға бағытталған тағы бір маңызды қадам жасалды. Аудан аумағында «Ұлытау ауданының отбасын қолдау орталығы» өз жұмысын ресми түрде бастап, тұрғындарға кешенді әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетуге кірісті. Бұл – мемлекет тарапынан отбасы құндылықтарын сақтау мен қорғауға, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған жүйелі саясаттың нақты көрінісі.

Аталған орталық Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы №256-НҚ бұйрығы және Ұлытау ауданы әкімінің 2025 жылғы 22 желтоқсандағы №107/03 қаулысына сәйкес құрылды. Осылайша, отбасыға қатысты мәселелерді бір арнаға тоғыстырып, оларды кешенді түрде шешуге мүмкіндік беретін арнайы мекеме өмірге келді.
Орталық директоры қызметіне Жеңсікбаев Ноян Мұңайтпасұлы тағайындалды. Оның басшылығымен орталық қызметі Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі негізінде жүзеге асырылады. Бұл орталықтың жұмысы заңнамалық тұрғыдан нақты реттеліп, мемлекеттік отбасы саясатын тиімді іске асыруға бағытталғанын білдіреді.
Жаңа мекеменің негізгі міндеттері ауқымды. Атап айтқанда, орталық:
– некені және отбасын сақтау мен нығайтуға жәрдемдесу;
– отбасылық жанжалдардың алдын алу;
– өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар мен отбасыларға кешенді қолдау көрсету;
– әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек ұйымдастыру;
– мемлекеттік отбасы саясаты бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
– тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және волонтерлермен тығыз байланыста жұмыс істеу;
– отбасы саласындағы үрдістерді мониторингілеу және талдау;
– өмірде қиындыққа тап болған отбасыларды ерте анықтау;
– осындай санаттағы азаматтарға жедел көмек көрсету үшін мобильдік топтардың жұмысын ұйымдастыру сияқты маңызды бағыттарды қамтиды.
Аудан әкімдігі тарапынан жаңа орталықтың ашылуы отбасыларға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Бұл мекеме тек проблемаларды шешумен шектелмей, олардың алдын алуға, қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптеуге де басымдық береді. Осы орайда, орталық қызметкерлері аудан тұрғындарымен тұрақты байланыс орнатып, әрбір отбасының жағдайына жіті назар аударуды мақсат етеді. Қиындыққа тап болған азаматтарға дер кезінде көмек көрсету, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне қолдау білдіру – орталық жұмысының басты қағидаттарының бірі.
Мұндай бастамалар қоғамдағы өзара сенімді арттырып, адамдардың болашаққа деген сенімін нығайтады. Отбасын қолдау орталығының жұмысы Ұлытау ауданында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге, берекелі отбасы моделін қалыптастыруға және ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ететіні сөзсіз.

Аманкелді АҚШАЛ.