Жол картасы нысанына бақылау жүргізілді

«AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мен партия филиалы жанындағы «Miras» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі аймақтық кеңестің бірлескен көшпелі жиыны өтті.

Көшпелі жиын барысында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2023–2027 жылдарға арналған Ұлытау облысының Жол картасы аясында Жезқазған қалалық Халықтар достығы және мәдениет үйінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына партиялық бақылау жүргізілді.

Іс-шараға Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ержан Тоқымбаев, «Miras» кеңесі төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Досхан Сәкен, комиссия мен кеңес мүшелері қатысып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысты. Тиісінше, мердігер компания өкілдерінің есебін тыңдады.

Сондай-ақ Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Берік Әбен мәдениет нысанында бүгінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша «Еңбек» ЖШС жеңімпаз болып танылып, жалпы құны 1 030 млн теңгені құрайтын өтпелі келісімшарт жасалған.

Күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін 2025 жылға жергілікті бюджеттен 300 млн теңге бөлінсе, 2026 жылға жергілікті бюджеттен 730 млн теңге қаражат қарастырылған.
Бүгінгі күнге дейін нысанда күрделі жөндеу аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, демонтаж және сылақ жұмыстары жүргізіліп, едендерге бетон құйылды. Сонымен қатар электр жүйелері жаңартылып, ғимараттың терезелері мен жылу радиаторлары ауыстырылды. Су желілері, жылу және кәріз жүйелері тартылып, желдету қондырғылары орнатылды.

Жоспар бойынша ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстары алдағы жаз маусымына дейін аяқталуы тиіс.