Қымбатты жерлестер!
Жаңа жыл – әрбір адамның жүрегіне жаңа үміттер мен ізгі армандар ұялататын ерекше мереке. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен аттағанды қалайды.

Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналық сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз.
2025 жыл біз үшін берекелі де жемісті жыл болды. Ауданның әлеуметтік- экономикалық және рухани дамуында мол табыстарға қол жеткіздік. Бүгінде Қазақстанның экономикасы, оның азаматтарының әл-ауқаты ұдайы өсіп келе жатқан қуатты және мықты мемлекетке айналды. Өңірдегі тындырымды істер мен жетістіктерде Сіздердің әрқайсыңыздың жеке қолтаңбаларыңыз бар. Жалпы облыстың даму көрсеткіштерінде ұлытаулықтардың да үлесі бар. Еселі еңбектеріңіздің нәтижесінде өңір экономикасы қарқынды дамып келеді.
Ардақты ағайын!
Баршаңызды жаңа – 2026 жылмен құттықтаймыз! Жаңа жыл әр шаңыраққа ырыс-несібесін ала келіп, өрлеуге жол ашатын, қиындықтарды еңсеретін, жаңашылдыққа ұмтылдыратын жайлы да мерейлі жыл болсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, ауызбіршілігіміз берік болып, жарқын болашаққа деген сенім нық болсын! Жаңа жыл – бірлік пен татулықтың жылы болсын!
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
аудандық мәслихаттың төрағасы.
