Туризм тынысы кеңейеді

Жыл басынан бері туризм саласына тартылған инвестиция 46%-ға өсіп, 3 млрд теңгені құрады. Қонақ үйлер көрсеткен қызмет көлемі 23%-ға өсіп, 22 мыңнан аса адамға қызмет көрсетілді, оның ішінде шетелдік туристер – 1 035 адам. Жезқазған қаласы бойынша қызмет көрсеткен туристер саны 14 мыңнан астам болды.

Қонақ үй инфрақұрылымы да кеңейіп, бөлмелер саны 322 бірлікке, бір реттік төсек-орын сыйымдылығы 573 орынға жетті. Өңірден Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларына тұрақты әуе қатынасы бар (аптасына 46 рейс).

Биыл алғаш рет облыстық бюджеттен 100 млн теңге туризмді дамытуға бөлінді. Бұл қаражат аясында танымдық турлар, «Ұлы Дала Самалы мен Дәмі» республикалық гастрономиялық фестивалі және халықаралық деңгейде «Дала энергиясы» джип-туры ұйымдастырылды.

Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында Сәтбаевтан Жошы хан кешеніне автожол салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Ұлытау ауданындағы Тасбұлақ аумағы жеке инвестициялар есебінен абаттандырылды.