Ұлытау облысындағы бір ауыл толықтай газға қосылып, таза ауыз сумен қамтылды

Бүгін Ұлытау облысының Кеңгір ауылында көгілдір отынды ресми іске қосу рәсімі өтті. Аталған маңызды инфрақұрылымдық жоба нәтижесінде елді мекендегі 442 тұрғын үй мен 7 әлеуметтік нысан табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Ұзындығы 25 шақырымды құрайтын газ тарату желілерінің құрылысы биылғы сәуір айында басталып, қысқа мерзімде толық аяқталды.

Сонымен қатар, осы күні Кеңгір ауылына Есқұла жер асты су көзінен таза ауыз су берілді. Бұл бастама тұрғындарды сапалы әрі тұрақты тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.

Салтанатты іс-шараға қатысқан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен құттықтап, өңірде газдандыру жұмыстары жүйелі әрі қарқынды түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта газдандыру жобасы аясында Жезқазған және Қаражал қалаларында, сондай-ақ Атасу мен Жәйрем кенттерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Ал Ұлытау ауылы, Жезді кенті және Сәтбаев қаласы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар мемлекеттік сараптамаға енгізілді. Көгілдір отын өңіріміздегі экологиялық ахуалды жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті өңір басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлытау облысында халықты сенімді әрі қолжетімді энергия көздерімен қамтамасыз ету бағытында кешенді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. 2030 жылға дейінгі өңірлік схема шеңберінде 9 елді мекенді газбен қамту жоспарланған.

Айта кетейік, жақында Үкіметтің қолдауымен Қаражал қаласы мен Жәйрем кентін газдандыруға қосымша 2,4 млрд теңге бөлінді.

Жоспарланған инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.