Қоныс аударушыға қолдау бар
Ауданымыздағы ауыл халқын тұрақтандыру және көбейтуге бағытталған көші-қон бағдарламасы аясында жыл сайын қоныс аударушылар саны артып келеді. Аудан басшысы Аманжол Мырзабеков мектеп оқушылары аз елді мекендерді толықтыруға басымдық беріп, жоспарланған іс-шараларды ұйымдастыруға нақты тапсырма берген. Нәтижесінде, биыл Егінді ауылына 3 отбасы қоныс аударып, жаңа тұрмысын бастады. Ауылдың әлеуеті артты, мектеп ұжымы толықты, ал ауыл өміріне жаңа белсенді тұрғындар қосылды.

Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бекбауыл елді мекенінен Ақмарал Серікбайқызы Дүзбаева екі баласымен қоныс аударып, бастауыш сынып мұғалімі ретінде Егінді мектебі ұжымын толықтырды. Оның інісі Есет Серікбайұлы Серкешбай «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша дене шынықтыру пәні мұғалімі болып қызмет атқарады.
•Түркістан облысы, Түркістан қаласынан Серікқызы Гүлжайна отбасы Егінді ауылын жаңа мекен етіп, белсенді ауыл өміріне араласып, төрт баласын тәрбиелеп отыр; үшеуі қазіргі таңда Егінді мектебінде білім алуда.
•Бағдарламадан тыс, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінен Бақытжан Жұбанышұлы Мамай мен Айдана Асылбекқызы Раматулла отбасы Егінді ауылына қоныс аударып, үш баласын тәрбиелеп отыр; олардың бірі Егінді мектебінің оқушысы.
⠀
Айта кететін жағдай, биылғы жылы бағдарлама аясында ауданымызға 9 отбасы, 30 мүшесі қоныс аударды. Жыл аяғына дейін тағы 1 отбасы көшіп келуге ниет білдіріп, құжаттары дайындалуда.
