Арамсояу – қауіп төндіріп тұрған арамшөп

Бүгінгі таңда ауданымыздың егістік алқаптарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігіне әсер ететін зиянды карантиндік арамшөп арамсояудың (лат. CuscutaS.P.) таралуы артып отыр. Бұл өсімдік – өздігінен өмір сүре алмайтын, басқа өсімдіктің сабағына оралып, оның шырынын сорып тіршілік ететін паразиттік арамшөп.

Арамсояу – Қазақстан Республикасының карантиндік нысандарының тізіміне енгізілген ерекше қауіпті өсімдік. Ол жоңышқа, қызылша, сәбіз, жуа, картоп, асбұршақ сияқты мәдени дақылдарға айтарлықтай зиянын тигізеді. Өсімдікке жабысып, оның қоректік заттарын сорғандықтан, дақыл әлсірейді, өсуі баяулап, өнім сапасы төмендейді, кейде тіпті қурап кетеді. Мал азығына араласқан жағдайда, арамсояудың құрамындағы улы заттар малдың улануына немесе азықтың бұзылуына себеп болуы мүмкін. Арамсояу көбінесе тұқым арқылы таралады. Оның тұқымдары топырақта бірнеше жылға дейін өнгіштігін жоғалтпай сақталып қалады. Сонымен қатар, өсімдіктің үзіліп түскен сабақтары да тамырсыз-ақ жаңа жерге жабысып, тез көбейеді. Тұқымның егістік дақылдарының тұқымына араласуы, мал азығы мен топырақтың тасымалдануы – оның жаңа аумақтарға таралуының себептері көп. Оның алдын алу жолдары мынандай, мәселен, тұқымдық материалдарды мұқият тексеріп, тазалап отыру керек. Ауыспалы егіс жүйесін сақтап отырған дұрыс. Арамшөп байқалған алқаптарды уақытылы орып, жойып отыру қажет. Егер, қажет болған жағдайда гербицидтерді (арамшөпке қарсы дәрілерді) қолданған жөн. Ең бастысы, залалданған жерлерге карантиндік бақылау орнату керек.

«Ұлытау аудандық
аумақтық
инспекциясы» РММ.