Жасанды интеллект дәуірі және жаңа Қазақстанның даму жолы

2025 жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Биылғы маңызды құжат «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты тақырыппен ұсынылып, ел дамуының жаңа стратегиялық бағытын айқындап берді.

Жолдауда көтерілген мәселелердің ауқымы кең: экономикалық модернизация, мемлекеттік басқаруды жаңарту, ауыл инфрақұрылымын дамыту, білім беру жүйесін реформалау және ең бастысы — цифрландыру мен жасанды интеллектті ұлттық деңгейде енгізу.
Президент Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын атап өтті. Мемлекет басшысы алдағы үш жылда еліміз «ашық цифрлық ел» деңгейіне көтерілуі тиіс екенін ерекше атап көрсетті. Бұл бағыттағы реформалар халықтың күнделікті өмірін жеңілдетуге, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және экономиканы жаңа деңгейге шығаруға бағытталған.
Жолдауда экономиканы әртараптандыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Президент өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттырып, биотехнология, цифрлық инженерия, жасыл энергия секілді келешегі зор бағыттарды дамыту қажеттігін айтты.

Мемлекеттік тілдің мәртебесі –
ұлттық саясаттың өзегі

Президент Жолдауда мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнына ерекше тоқталды. Мемлекеттік органдардағы құжат айналымын қазақ тілінде жүргізуді толық қамтамасыз ету және көрнекі ақпараттардың тілдік нормаларға сәйкестігін қадағалау — алдағы жылдардағы негізгі міндеттердің бірі.

Әлеуметтік сала және
халық игілігі

Жолдауда халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау бағыттары жаңаша пішінде дамитын болады.
Президент ұлттық кадрларды даярлау, ауыл мұғалімдері мен дәрігерлерді қолдау, жастарға арналған мүмкіндіктерді кеңейту жөнінде нақты бастамалар ұсынды.
2025 жылғы Жолдау — жаңа дәуірге қадам басқан Қазақстанның даму бағытын айқындайтын маңызды тарихи құжат. Цифрландыру мен жасанды интеллекті енгізу ел экономикасын ғана емес, қоғамның мәдени, әлеуметтік, рухани тұстарын да жаңғыртатын қуатты күшке айналмақ. Мемлекет басшысы белгілеген міндеттер елдің болашағына тың серпін беріп, ұлттық мүддені жаңа деңгейге көтереді.

Нұрлан ҚАСЫМБЕКОВ,
Ұлытау ауданының
мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің басшысы.