Жігерлі жастың жарқын жолдамасы
Ұлытау облысы — талант пен талабына сенген жас ұрпақтың арқа сүйер ордасы. Осындай игі бастамалардың бірі — жыл сайын ұйымдастырылатын «Ұлытау ұланы» сыйлығы. Бұл мәртебелі марапат аймақтың қоғамдық өміріне белсене араласып, өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан жас азаматтарды танытып, қолдау мақсатында тағайындалып келеді.

Биылғы жылы да көптен күткен марапаттау рәсімі Ұлытау облысының орталығында ерекше сән-салтанатпен өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров, мемлекеттік органдардың басшылары, жас кәсіпкерлер мен өнерпаздар, сондай-ақ, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Салтанатты кеш өз бастауын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен алып, одан әрі облыс әкімдігі жанындағы жастар саясаты басқармасының жыл бойғы жұмыс қорытындысымен жалғасын тапты. Жастардың қоғамдағы орны мен әлеуетін одан ары нығайту мақсатында жүзеге асырылған жобалар таныстырылды.
Облыс жастары арасында биылғы сыйлыққа жалпы саны 50-ден астам өтінім келіп түскен. Бұл — жастардың аймақ өміріне деген қызығушылығының, ізденісі мен белсенділігінің айқын көрінісі.
Қазылар алқасы бірқатар іріктеу кезеңінен өткен жобалар мен бастамаларды саралап, 8 аталым бойынша үздік деп танылған жастарды саралады. Марапат иелері төмендегі бағыттар бойынша анықталды.
Нәтижесінде «Жас саясаткер» номинациясы Нұргүл Талғатбековаға, «Жылдың жас көшбасшысы» номинациясы — Инабат Мұханбедиярқызына, «Үздік жас кәсіпкер» номинациясы Гүлім Аймағамбетоваға, «Үздік жас өнерпаз» номинациясы Ардақ Жарқынбековке, «Жылдың спорт жұлдызы» номинациясы Бекжан Қабжановқа, «Жас ерікті – қоғам жанашыры» номинациясы Айнара Нұрғазиеваға, «Жас медиакөшбасшы» номинациясы Назерке Сапарбекке, «Жылдың үздік жас еңбеккері» номинациясы Жігер Еділбаевқа бұйырды. Осы аттары аталған азаматтардың қатарында ұлытаулық ұландардың бар екенін де айта кету ләзім.

Әрбір аталым иесіне арнайы дипломдар, статуэткалар және ақшалай сертификаттар табысталды. Бұл — олардың еңбегін мойындау әрі алдағы уақытта жаңа жобаларға жігер сыйлайтын серпін.
Жеңімпаздарды марапаттау сәтінде облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров құттықтау сөз сөйлеп, жастарға салиқалы тілегін арнады.
– Жастар – ел болашағының айнасы. Сіздердің әрбір жетістіктеріңіз өңіріміздің даңқын асырып, ел дамуына үлес қосатынына сенім мол. Бүгінгі марапат сіздерге жаңа белестерге жол ашады, — деді ол.
Салтанатты рәсімді облыстың жас өнерпаздары өздерінің әсем әндерімен, шабытты жырларымен әрледі. Кеш атмосферасы жасампаздық пен жігерге толы болды. Осылайша, «Ұлытау ұланы» — тек қана марапаттау емес, ел жастарына ерекше дем, тың серпін беретін рухани платформа екенін дәлелдеді.
Жылдан жылға кеңейіп келе жатқан бұл бастама аймақ жастарына қолдау көрсетудің айқын үлгісі саналады. Болашақта да Ұлытау облысы жастары түрлі салада өзіндік жаңалық ашып, ел дамуының көшін бастай бермек.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
