Сиыр пұл болды…
Бұдан бірнеше ғасыр бұрын дана Мөңке би: «Сиыр пұл болады, әйел би болады» — деп болжам айтқан екен. Сол бір көреген сөздің алғашқысы бүгінде ақиқатқа айналды. Бүгінде базарлар мен дүкен сөрелерінде сиыр етінің бағасы шарықтап тұр. Тіпті, жылқы етінің бағасынан да асып түсті. Ел мұны қазақтың тарихында бұрын-соңды болмаған деп жатыр. «Зеңгі баба тұқымының» заманы шындап туды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі «елде сиыр еті жеткілікті» деп мәлімдегенмен, базардағы баға оны растамады. Қазір қай өңірде болмасын 1 келі сиыр еті 4 мың теңгеге жетіп жығылды. Ал жылқы еті 3,5 мың теңге шамасында. Сарапшылар мұндай жағдай қазақ тарихында алғаш тіркеліп отыр дейді. Ал, экономистер бұл — кездейсоқ құбылыс емес, жылдар бойғы жүйесіздіктің нәтижесі дейді. Мал басының азаюы, жем-шөп бағасының шарықтауы, экспорттық шектеулер мен субсидияның тиімсіздігі — бағаның көтерілуіне бірдей әсер еткен.
Атқамінерлер қандай
уәж айтуда?
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев жағдайды былай түсіндіреді:
– Сиыр еті ежелден қазақтың басты асы болған жоқ, ол кеңестік кезеңнің «мұрасы». Қазақ даласы сиыр өсіруге қолайлы емес. Ірі қара көп ауырады, жем-шөпті көп жейді, ал оны өсіру қол еңбегін қажет етеді. Қазір сиыр етінің өзіндік құны жылқы етінен жоғары. Сондықтан баға да шарықтады.
Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев сиыр шаруашылығына бөлінетін субсидиялардың тиімділігі өте төмен екенін айтады:
– Соңғы жылдары асылтұқымды ірі қара сатып алуға жүздеген миллиард теңге жұмсалды. Бірақ асылтұқымды малдың үлесі небәрі 13%. Қағазда бар, іс жүзінде жоқ. Нәтижесінде ет жетпейді, импортқа тәуелді бола бастадық, – дейді ол.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров та саладағы проблемаларды жасырмайды:
– Асылтұқымды деп ауылдың қара сиырын қосып, субсидия алуға тырысатындар бар. Біраз қылмыстық іс қозғалды. Енді субсидия нақты өнімге, яғни өткізілген етке қарай төленуі тиіс. Сонда жемқорлық азаяды, – деді министр.
Қызығы сол – жылқы еті бағасы төмендеп келеді. Қолымызға тиген ақпараттарға қарағанда, бүгінде елде 4,4 миллионнан астам жылқы бар, яғни 1990 жылмен салыстырғанда 2,7 есеге өскен. Жылқы аз ауырады, тебіндеп жайылады, климатқа бейім. Сондықтан оның еті әрі дәмді, әрі тиімді. Сарапшылардың айтуынша, егер сиыр еті әрі қарай қымбаттай берсе, халық бірыңғай жылқы етін тұтынатын болады. Бұл – табиғи нарықтық бейімделу.
Хош… Сонымен, Мөңке бидің «Сиыр пұл болады, әйел би болады» деген сөзі бүгінде өмірдің өзімен дәлелденіп отыр. Қазақ қоғамы түбегейлі өзгерді. Шаруашылықтың сипаты да, әлеуметтік қатынастар да жаңа арнаға түсті. Сиыр еті – байлықтың нышанына айналып, әйелдер қоғам өмірінде жетекші рөлге шықты. Бұл – уақыттың заңы, даналықтың дәлелі.
Сиыр етінің қымбаттауы – тек экономикалық мәселе емес, ауыл шаруашылығындағы жүйесіздіктің, климат пен нарықтың өзгерісінің көрінісі. Бірақ, бұл да өтпелі кезең. Егер мемлекет пен шаруалар күш біріктірсе, салада жаңа тепе-теңдік орнап, қазақтың дастарқанында еттің түр-түрі қайта молаяды.
Аймақтағы ахуал қандай?
Сәтбаев қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Төленді Жақыпұлы кеншілер қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына тұрақтылық сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде дейді. Қаладағы ет бағасына жүргізілген соңғы мониторинг нәтижесі бойынша, сиыр етінің (сүйекті жауырын-төс бөлігі) орташа бағасы 3300-3800 теңге аралығында, жылқы еті де шамамен осындай деңгейде — 3300-3800 теңге көлемінде сатылуда.
Ал, апта сайын ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде ет өнімдері сәл төмен бағада, яғни сиыр еті – 3200 теңгеден, жылқы еті – 3200 теңгеден ұсынылады. Қала дүкендерінде ет саудасымен айналысатын кәсіпкерлер өнімді 2900-3000 теңге аралығында көтерме бағамен сатып алады. Ет өнімдері негізінен Сәтбаев және Жезқазған қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандарындағы шаруа қожалықтарынан жеткізіледі.
Бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Сәтбаев қаласы әкімдігінің бастамасымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты өткізіліп келеді. Мұнда ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек сияқты өнімдер белгіленген төмен баға бойынша сатылады.
Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлер «Ұлытау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорынан алынған өнімдерді қолжетімді бағамен нарыққа шығарады.
Инфляциялық процестерді тежеу және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытындағы бақылау жұмыстары «ҚР Сауда және интеграция министрлігінің» аймақтық департаменттерінің құзыретінде. Ал Сәтбаев қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі апта сайын азық-түлік бағалары бойынша мониторинг жүргізіп, мәліметтерді Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жолдап отырады.
Бөлімінің басшысы Төленді Жақыпұлының айтуынша, баға тұрақтылығын сақтау, нарықты сапалы және қолжетімді өніммен қамту бағытындағы шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Тақырыпты тұздықтау
Фермерлер не деді?
«Біз бұрын малдың бір бөлігін Өзбекстан мен Ресейге сатып, жақсы табыс табатынбыз. Сол табыс есебінен ішкі нарыққа етті арзанырақ беруге мүмкіндік болатын. Ал қазір экспортқа тыйым салынды, квотаны ірі компаниялар ғана алады. Ал шағын шаруа қайтпек? Жем-шөп қымбат, несие үстемесі жоғары. Амал жоқ, бағаны көтереміз. Соның салдарынан, фермерлердің көбі етті қымбат сатуға мәжбүр, өйткені «шығын жабылмаса, шаруашылық тұралап қалады».
Қарапайым тұтынушы
не дейді?
Жанар Құрманова, Сәтбаев қаласының тұрғыны:
– Бұрын сиыр етін аптасына бір алатынбыз, енді айына бір рет қана аламыз. Бағасы жылқы етінен де асып кетті. Кейде сиыр етінің орнына тауық етін аламыз. Үкімет «ет жеткілікті» дейді, ал базардағы сиыр еті қалта көтермейді.
Данияр Сейітов, жас отбасы иесі:
– Бұрын қазақ дастарқаны етсіз болмайтын. Қазір ет алу — ерлікке айналды. Сиыр еті – байдың асы болды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
