Алтынға бергісіз қола
Жақында самбо күресінен Индонезияның Богор қаласында өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатынан жаңаарқалық балуан Ислам Ардақұлы МАҚАЖАНОВ қола жүлдемен оралды. Исламның бұл жетістігін кешегі Кеңес дәуірінде ағайынды Байшолақовтардың ақжолтай жеңісімен даңқы шыққан Жаңаарқа самбо мектебінің үзілмеген дәстүрі, жалғасын тапқан жарқын жолы десе де болады. Алты құрлықтың үміткерлері бақ сынаған байрақты бәсекеден алтынға бергісіз қоламен оралған Исламды жерлестері ерекше сән-салтанатпен қарсы алды.
Қарсы алу рәсіміне әлем назарын аударған байрақты бәсекенің ширек финалына дейін ешбір қарсыласына шалдырмаған Исламның болашағынан зор үміт күткен қолдаушылары, аудан әкімдігінің өкілдері, спорт мектебінің жаттықтырушылары, туысқандары қатысты. Ақжолтай балуанның атасы, белгілі кәсіпкер Шалатай Серіков немересінің жетістігіне балаша қуанып:
– Барлығы – жаттықтырушыларының еңбегі, Жаңаарқаның абыройы. Немеремнің бұл жетістігі ұзағынан сүйіндіріп, алдағы уақытта Олимпиада жүлдесіне жетсін! Ислам тек менің немесе Жаңаарқаның ғана емес, еліміздің мақтанышы болып, жеңісті жолы жалғасты болсын! – деп ағынан жарылды.
Сол күні Жаңаарқа ерекше рух құшағында еді. Ғибратты ғұмыры әнге айналған дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлі Қайрат Байбосыновты төбесіне көтеріп, ән абызын 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтап жатқан болатын. Қос қуаныш қатар келіп, ел құрамасының қоржынына қола медаль салған Ислам мен оның бапкері Есім Ізтілеуовке де лайықты құрмет көрсетілді.
Аудан басшылығы атынан аудандық мәслихаттың төрағасы Юржан Бекқожин мен аудан әкімінің орынбасары Әсет Аманжолов жеңімпаз жерлесімізді қабылдап, елдің даңқын асырған тамаша жеңісімен құттықтады. Елге олжалы оралған балуанымыз бен оның бапкеріне аудан кәсіпкерлері қолдау көрсетіп, ел атынан Исламға 1 500 000 теңге, бапкері Есім Ізтілеуовке 500 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.
Әлем жастары арасындағы айтулы додада үздік үштіктен көрініп, ел мерейін тасытқан Исламның бағындырар биігі алда екеніне сенім білдірген аудандық мәслихаттың төрағасы Юржан Асанұлы:
– Біз Исламның әр жеңісімен мақтанамыз және алдағы уақытта да әлемдік бәсекелерде талай олжа саларына сенімдіміз. Арқа спортының абыройын асырған кезекті жеңісің құтты болсын, Ислам! – деді.
Исламның мерейлі жеңісін зор қуанышпен қабыл алған жаңаарқалықтардың атынан Әлем чемпионатының қола жүлдегеріне құрмет көрсетуге ауданымыздың бірқатар Атымтай-Жомарт кәсіпкерлері қолдау көрсетіп, демеушілік жасады. Олардың қатарында Жансұлтан Қасымбеков, Батырхан Дүйсенбеков, Дәулет Мұқышев, Қайрат Көпбаев, Ханислам Рсалдин бар. Ауыл Атымтайларының осындай қолдауы жастардың жігерін жанып, спортшыларымыздың жолын ашатыны даусыз.
Нұргүл ШАМАЕВА,
облыстық «SARYARQA» газетінің Жаңаарқа ауданындағы меншікті тілшісі.