Халық сүйіктісі, ғалым, қайраткер Төрекелді Шармановтың туғанына – 95 жыл
Медицина саласының майталманы, «Леон Бернард» атындағы дүниежүзілік сыйлықтың лауреаты (әлемде бұл атақты екінші болып иеленген), академик, профессор, Қазақстанның Еңбек Ері, «Отан» орденінің иегері, ұлт мақтанышы, Ұлытаудың ұлы – Төрекелді Шарманов тірі болса, биыл 95 жасқа толар еді.
Біреуге – әке, біреуге – аға, інілеріне қамқор, қарындастарына сүйеніш болған абзал жан елінің де, жерінің де адал перзенті еді. Өмірінің соңына дейін халық игілігі үшін еңбек еткен ғалым ағамыз 2024 жылдың 25 мамырында дүниеден өтті. Алайда артында өлмес мұра, өшпес із қалдырды. Ол халқының денсаулығын жақсарту жолында дәрісіз-ақ өмір жасын ұзартатын тағамдық емдеу әдісін ойлап тапты. Бұл оның адамзат игілігі үшін жасаған теңдессіз жаңалығы еді.
Төрекелді аға «Төреқонған» қыстауында дүниеге келген екен. Сол кездері 17-18 жастағы әкем Рақымжан Ұлытаудан ат-арбамен «Төреқонған» қыстауына адамдарды шілдеханаға тасыпты. Ауылдың дуалы ауыз ақсақалдары сәбиге кіндігі кесілген жерінің атауына байланысты «Төрекелді» деп азан шақырып ат қойыпты.
Әке-шешесі бала кезінен бетінен қақпай, талабын қолдап өсірді. Мінезіндегі қайсарлық пен табандылық болашақта талай асуды бағындыратынын аңғартқан. Мектепте зеректігімен, ұшқыр ойымен, белсенділігімен көзге түсіп, үлкен үміт арқалады.
10-сыныпты Ұлытау орта мектебінде үздік бітірген ол Алматыға жол тартып, дәрігерлік мамандықты таңдады. Бұл халыққа қызмет етуді мақсат еткен жанның саналы шешімі болатын. Ол кезде кейбір ел ағалары әкем Рақымжанға: «Сені Шарман тыңдайды ғой, жалғыз баласын алысқа, ұзақ оқуға жіберіпті, Имекең (Иманжан Жылқайдаров – авт.) құсап баласынан айырылып қалады, елге келмей кетеді» деген екен.
Сонда әкем:
– Шарманның баласы халыққа қызмет етеді. Тек өз әулетінің емес, бүтін ұрпағы елдің баласы болады, – деп жауап берген екен. 1950 жылы айтылған осы сөздің ақиқатын бүгін біз айқын көріп отырмыз.
Алматыда студент болған шағында Камал Смайылов, Ниязбек Сейткенов сынды достарымен бірге Ұлытауға деген сағынышын ән-жырға қосқан. «Ұлытауым менің, қасыңда сенің, Гималай маған аласа» деген өлең жолдары туған жерге деген шексіз махаббатынан туған еді.
Алматы медицина институтынан кейін Қарағанды медицина институтында білімін жалғастырып, аспирантураны бітірді. Кандидаттық диссертациясын қорғап, еңбек жолын туған жерінде бастады. Жары Күлзия екеуі Ұлытау аудандық ауруханасында бас дәрігерлік қызметті атқарып, емдеу ісін жаңа деңгейге көтерді.
Одан кейін Алматыға шақырылып, ірі ғылыми жұмыстарға араласты. Ақтөбе медициналық университетінде ректор болды. Артынша Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі қызметіне тағайындалды. Ең жас министр атанған ол 1971-1982 жылдары еліміздің медицина саласын жаңа белеске көтерді.
Ғалым еңбегі халыққа да, ғылымға да зор пайдасын тигізді. Медицинадағы жаңалықтары халықаралық деңгейде бағаланды. Халық оны «Шаршамайтын Шарманов» деп атады.
Академиктің 80 жылдық мерейтойы дүние жүзі бойынша аталып өтті. Ғалымдық жолын кітап жазумен жалғастырған ол медицина саласына арналған том-том еңбектерін жарыққа шығарды. Сонымен бірге өмірлік серігіне арнаған «Қас-қағым», «Мәңгілікке бағышталған өмір», «Давайте не стареть» атты туындылары оқырмандар жүрегінен орын тапты.
2005 жылы ол медицина саласындағы ең биік марапат – «Леон Бернард» атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Бұл – Қазақстан ғылымына ғана емес, бүкіл адамзатқа берілген жоғары баға еді.
Төрекелді ағаның атын ел ардақ тұтты. Оны абыз ақсақал, халық сүйіктісі санады. Ақындар жырға қосып, күйшілер күй арнады. Шын мәнінде, ол – медицина ғылымының тарихында өшпес із қалдырған дара тұлға.
«Аға – бордан, іні – зордан» дегенді дәлелдеген, ақылы – дария, сөзі өсиет болған Төрекелді Шарманов биыл 95 жасқа келер еді. Ағамыздың жасаған жақсылығы тек маған ғана емес, бүкіл әулетімізге, немере-шөберелерімізге дейін ұмытылмас естелік болып қалды.
Ғайни БАЗАРБАЕВА,
қарындасы.