Пациент мүддесі — басты назарда
Бүгінгі таңда еліміздің әрбір медициналық ұйымында пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметі белсенді жұмыс істеуде. Бұл қызметтің негізгі мақсаты – пациенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қажеттіліктерін ескере отырып, сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсету.
Пациенттер бұл қызметке медициналық көмек алу барысында туындаған сұрақтар мен мәселелер бойынша жүгіне алады. Атап айтқанда, медициналық қызметтер туралы қосымша ақпарат алу, денсаулық жағдайына байланысты кеңес сұрау, көрсетілген қызмет сапасына қатысты пікір немесе шағым білдіру, өтініштер мен ұсыныстар қалдыру сынды жағдайларда қолдау орталығының көмегіне жүгіну ұсынылады. Егер пациенттің құқығы бұзылып, әділетсіздікке тап болса, бұл қызмет оның мәселесін жедел қарастырып, қажетті шаралар қабылдайды.
Пациенттерді қолдау қызметінің маңызды артықшылығы – мәселені дер кезінде, сол жерде шешуге мүмкіндік беруі. Бұл қызмет медициналық ұйым ішіндегі жағдайды жақсы білетіндіктен, мәселені сыртқа шығармай, орнында оңтайлы шешуге мүдделі. Сонымен қатар, ол барлық қажетті ақпараттық жүйелерге қол жеткізе алады және дәрігерлермен, медициналық қызметкерлермен тікелей байланыс орната отырып, мәселеге кешенді түрде ықпал ете алады. Сондай-ақ, шағым немесе өтініш медициналық ұйым басшылығына тікелей жеткізіліп, жедел әрекет етуге мүмкіндік туады. Осы арқылы көптеген мәселелер көп уақыт алмай-ақ шешіледі.
Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметінің жұмысын жетілдіру мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы тұрақты түрде оқыту семинарларын ұйымдастырады. Бұл кездесуде қатысушылар кәсіби этика, қызмет көрсету сапасы, пациенттермен тиімді қарым-қатынас орнату, медициналық ұйымдардың беделін басқару мәселелерін жан-жақты талқылайды.
Жезқазған медициналық орталығы базасында өткен оқытуда Филиал директоры Әлия Байтокова пациенттің еш алаңсыз, толыққанды медициналық көмек алуы үшін барлық жағдай жасалуы қажет екенін атап өтіп, қолдау қызметі әр пациент үшін сенімді серікке айналуы тиіс деген талап қойды.
Құрметті, оқырмандар! Егер сіздің мәселеңіз медициналық ұйымда жұмыс істейтін пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметі арқылы шешілмесе, сіз әрқашан msqory.kz ресми сайты, 1414 байланыс орталығы, Telegram-дағы Qoldau 24/7 және Saqtandyry-Bot мобильді қосымшасы немесе Жезқазған қаласы Холмецский көшесі 80 А мекенжайы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалына жүгіне аласыз.
Пациенттердің мүддесін қорғау және медициналық қызмет сапасын арттыру – Қордың басты мақсаты.
Өз тілшімізден.