Қош бол, Қапар!
Өтінде туып дауылдың,
Астында нөсер-жауынның.
Әкеден жастай айрылып,
Өткіздің бастан ауыр күн.
Қиындықпен өсіп, ержетіп,
Құрметтісі болдың қауымның.
Отбасыңның мықты тірегі,
Қамқоршысы болдың бауырдың.
Еңбегіңмен елге танылып,
Ақсақалы болдың ауылдың.
Азамат едің аяулы,
Білмейді ажал аяуды.
Орның қалды-ау ойсырап,
Көңілге салып қаяуды
Кімдерді ажал алмайды?!
Бұл өмір – жалған, алдайды.
Қарамай кәрі-жасыңа,
Сұм ажал жанды жалмайды.
Дүниеге келген пенделер,
Ерте ме, кеш пе, әйтеуір,
Ажалдан құтыла алмайды.
Қош бол, Қапар – қимасым!
Артыңда қалған ұрпағың,
Өміріңді сенің жалғайды.
Адалдық еді ұраның,
Бәйтерек едің, құладың.
Не шара бар тағдырға,
Алдыңнан жансын шырағың!
Қош бол, асыл азамат,
Мінгізсін Алла пырағын!
Жаныңды Тәңір жарылқап,
Жұмақта болсын тұрағың!
Әумин!
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ.