АССАМБЛЕЯ – АСЫЛ МҰРАТТАР АЛАҢЫ

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы қарсаңында Ұлытау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында облыс әкімі Дастан Рыспеков Кеңес мүшелерін Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл мереке – еліміздегі бірлік пен татулықтың, қоғамдық келісімнің жарқын көрінісі екенін атап өтті.

«30 жылдың ішінде Ассамблея Қазақстан халқы бірлігінің үлкен тірегіне айналды. Этностарды бір ұлтқа ұйыстыра отырып, еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізін қалады. Президентіміз атап өткендей, татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Бұл жолда аға буын өкілдерінің, азаматтық қоғамның, этномәдени бірлестіктердің белсенділігі аса маңызды», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар жиында әсіресе әлеуметтік желілердегі арандатушылық ақпараттарға қарсы күрестің маңыздылығы атап өтілді. Этносаралық келісім – өте нәзік тақырып, сондықтан қоғамның әр мүшесі жауапкершілікпен әрекет етуі қажет екені баса айтылды.

Одан бөлек, кеңесте өңірдегі этносаралық татулықты нығайту бағытында атқарылатын нақты міндеттер белгіленіп, алдағы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясына қатысуға дайындық пысықталды.

Жиын қорытындысы ретінде Ассамблея мүшелеріне Мемлекет басшысының атынан естелік медальдар табыс етілді.