Үздік эссе иегерлері анықталды

Ұлытау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұлт және тіл» тақырыбына эссе жазудан аудан орталығында байқау өтті.

Іс-шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту басқармасы қолдау көрсетті. Байқау мемлекеттік және азаматтық қызметшілер арасында өтіп, оған кенттер мен ауылдық округтерден түрлі сала мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Байқау мемлекеттік тіл саясатын негізге алып, ұлттық тіліміздің мәртебесін көтеруге бағытталды. Осы сипатта өткен байқауда 23 үміткердің «Ұлт және тіл» тақырыбына жазған жазба жұмыстары сарапқа салынды. Оны арнайы құрылған комиссия құрамы ереже талаптарына сәйкес тексеріп, жазба жұмыстарына лайықты бағаларын берді. Қорытынды есепте үшінші орын жүлдесін ұлытаулық Ернар Дүкенбаев алды. Жүлделі екінші орынға Ұлытау аудандық сотының бас маманы Ақмаржан Қалекенова ие болды. Бірінші орын жүлдесі жетпісті еңсерген Алғабас ауылының ардагері Майкелді Мырзашевқа берілді. Байқаудың Бас жүлдесін №17 Байқоңыр мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айзада Жантурина иеленді. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге тиістілігі бойынша дипломдар табысталып, арнайы сыйлықтар тапсырылды. Бұдан кейін байқауға қатысқан барлық қатысушыға Алғыс хаттар, бағалы сыйлықтар табысталды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.