«Қарсақбайдан Берлинге дейін»

Мəкен Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейінің қор бөлімінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің фотоальбомдары, құжаттары, пайдаланған заттары сақталған. Соның бірі – майдангер Бектай ƏБСАТТАРОВ (23.10.1923-24.09.2002ж.ж.) музейге тапсырған фотоальбомда ардагердің өз қолымен жазылған өмірбаяны.

Бектай Əшірбекұлы Əбсаттаров Қарағанды облысы, Қарсақбай кенті Дүйсенбай өзенінің бойында Қайдауыл қыстағында шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-анасы Кеңес үкіметі құрылғанда колхозда, одан кейін Байқоңыр көмір шахталарында жұмыс істеген. 1930 жылдары Қарсақбай кентіне көшіп келіп, мыс заводында жұмыс істейді. Бектай Қарсақбай кентіндегі Ж. Жабаев атындағы №1 мектепте оқыған. 1941 жылы соғыс басталған қиын жылдары мектепті тастауға мəжбүр болып, Қарсақбай мыс заводына жұмысқа тұрады. Жұмыс істеп жүріп, қалайда Отан қорғау үшін майданға бару ойынан кетпейді. 1942 жылы маусым айында əскери комиссариатқа барып өз еркімен соғысқа баруға өтініш береді.
Алғашқыда Тоцк елді мекенінде 11 атқыштар бригадасында алғашқы əскери дайындықтан өтіп, химиялық барлау курсын бітіріп шығады. Əскери дайындықтан өткеннен кейін қаруластарымен бірге Солтүстік-батыс майданының 353 жеке пулеметтік-артиллериялық батальонына түседі. Мұнда фашистерге қарсы үлкен ұрыстарға қатысады. Эльмень өзенінің бойында немістің 16-армиясын талқандауға қатысады. Осы ұрыста Бектай қатты жараланып Валдай, Кострома, Ярославль госпитальдерінде емделеді. Жарақатынан айыққаннан кейін Нижний Тагил қаласындағы танк мектебіне оқуға жіберіліп, 1943 жылы 1-гвардиялық танк армиясының 69-танк полкіне қабылданады. Осы 1-гвардиялық танк армиясының құрамында жүріп, Украина, Польша, Балтық жағалауындағы елді мекендерді азат етуге қатысады. 1945 жылдың сəуір айында Берлинді басып алуға қатысады.
Бектай Əбсаттаров соғыс жылдарындағы ерен ерлігі үшін 5 орден, 12 медальмен марапатталады. Соғыс біткеннен кейін 1946 жылы наурыз айында елге оралады. Елге келгеннен соң Қарсақбай мыс заводында, аудандық, облыстық партия ұйымдарында жауапты қызметтер атқарады. 5 ұл, 5 қыз тəрбиелеп өсіріп барлығы жоғары білім алады. Екі баласы – ғылым кандидаттары.
Бектай Əшірбекұлы зейнетке шыққаннан кейін де ұзақ жылдар Жезқазған облыстық еңбек жəне соғыс ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болды.

Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейінің баспасөз қызметі.