Архивтегі айшықты шара
Ұлытау ауданының мемлекеттік архивінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «От кешкен ұлытаулықтар – архив құжаттарында» атты ұлытаулық майдангерлер туралы жеке тектегі қорлардан құрастырылған жинақ шығарылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан ұлытаулық ардагерлердің ұрпақтары шақырылып, кездесу өткізілді.
Дөңгелек үстел басында Ұлы Отан соғысы әрбір шаңыраққа, әрбір азаматымыздың жүрегіне қаралы із қалдырғанын айттық. Өткенге үңілсек, соғыс жылдары Отан үшін от кешіп, ерлікпен шайқасқан сұрапыл жылдар бүгінгі егеменді еліміздің шежірелі тарихында үлкен орын алатыны мәлім. Сондықтан әр уақытта біз алдыңғы толқын – ардагер ағаларымыздың, кешегі майдангерлердің, жеңіс үшін шайқастарда ұрыс даласында қаза болған батыр жауынгерлеріміздің өшпес ерліктеріне әрдайым бас иіп, тағзым етеміз. Отты жылдарда біздің болашағымыз үшін жанын қиған боздақтар мен соғыс салған жарақаттың салдарынан бейбіт заманда көз жұмғандардың жанқиярлық ерліктерін бүгінгі ұрпақ мәңгі ұмытпайтын болады.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып, Ұлытау ауданының мемлекеттік архивіндегі тарихи құжаттар негізінде 1941-1945 жылдары соғысқа қатысқан аймағымыздағы соғыс ардагерлері жайында ақпараттар жинақталып, шағын жинақ шығарылды. Жинақтағы мәліметтер Ұлытау ауданының мемлекеттік архивінің жеке текттегі қорларынан құрастырылып алынды. Оған қан майданда ерлік көрсеткен жауынгерлердің құжаттарын жинақтауға ардагерлердің ұрпақтары көп үлес қосты.
Кітапшаға Ұлытау ауданының мемлекеттік архивінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысы жылдарының тыныс-тіршілігінен бір көрініс ретінде жауынгерлер хаттарын жинақтап, енгізіп отыр. Майданнан жолданған жауынгер хаттары майдангер келбетін сомдауға құнды материалдар болып отыр.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай жарық көрген осы кітапша сұрапыл қанқұйлы соғыстағы ел ерлігін мәңгі есте сақтауға бүгінгі ұрпақтың парызының бірі деп санап отырмыз.
Қарлығаш ІЗТІЛЕУОВА,
Ұлытау ауданы мемлекеттік архивінің архивисі.