МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕР МЕЖЕЛЕНДІ

Бүгін облыс әкімі Дастан РЫСПЕКОВТІҢ төрағалығымен аппарат кеңесі өтті.
Кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, автожол инфрақұрылымын жетілдіру, қысқы маусымда жолдарды күтіп ұстау, сондай-ақ құрылыс жұмыстарының 2025 жылға арналған жоспары талқыланды.

Кеңес басында облыс әкімі Дастан Рыспеков кадрлық өзгерістер туралы хабарлады. Алмат Өмірзақұлы Саухимов Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ж. Бегаев өңірдегі автожол саласын дамыту және жолдарды қысқы мерзімде күтіп ұстау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Кеңес барысында облыстағы апатты жағдайдағы көпірлерді жөндеу, жол сапасын бақылау және «Жезқазған-Қарағанды», «Жезқазған-Қызылорда» автожолдарын салу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Облыс әкімі жергілікті әкімдіктерге қар тазалау жұмыстарының сапасын арттыруды, әсіресе қаланың шет аймақтары мен ауылдық жерлердегі жолдарға ерекше назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ, жолдарды уақытылы тазалау мақсатында полиция қызметімен үйлестірілген іс-шараларды ұйымдастыру қажеттігі айтылды.

Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Е. Жазылханұлы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Облыс әкімі автожолдар бойындағы байланыс жүйесін қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ тапсырмалардың уақытылы орындалмауына байланысты тиісті тұлғалардың жауапкершілігін қарастыруды тапсырды.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Т. Бижанов 2025 жылға арналған құрылыс жұмыстарының жоспарын таныстырды. Кеңес барысында Жезқазған қаласындағы жаңа «Батыс» ауданында магистральдық желілерді салу, Жезді ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау мәселелері қарастырылды.

Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін тиісті органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Аппарат кеңесінің қорытындысы бойынша облыс әкімі жергілікті атқарушы органдарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында барлық тапсырмаларды хаттамаға енгізіп, олардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.