ОБЛЫС ӘКІМІ АУДАН ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Облыс әкімі Дастан Рыспеков жұмыс сапарымен Ұлытау ауданында болды. Өңір басшысы алдымен аудан орталығында орнатылған кәріз тазарту қондырғысының қазіргі жағдайымен танысып, нысанды жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.
Абай көшесінде салынып жатқан 36 пәтерлі үш қабатты үйдің құрылысы да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Өңір басшысына баспананың желтоқсанның соңына дейін аяқталатыны айтылды.
Сонымен қатар Ұлытау облысының әкімі ауданда құрылысы жүріп жатқан аурухана мен емханадағы жұмыстарды бақылады. Өңір басшысы нысанға кадрлар тартуды және қызмет етуге келетін мамандарға баспана мәселесін қазірден шешу міндетін жүктеді.
Сонымен қатар өңір басшысы Қарсақбайдағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, биыл жаңартылып-жабдықталған Агротехникалық колледждің, металлургиялық зауыттың жағдайымен танысып, олардың жұмыс тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныс пен тапсырма берді.
Облыс әкімі Жезді кентіндегі жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің жағдайын бақылап, оны тез арада қалыпқа келтіру бойынша міндеттемелер жүктеді. Сондай-ақ өңір басшысы сапар аясында №6 тірек мектебінің педагогикалық құрамымен және оқушыларымен жүздесіп, білім ошағының асханасын бақылады.
Кенттегі құрылысы ұзаққа созылған денешынықтыру және сауықтыру кешеніндегі жұмыстар да облыс әкімінің сапары аясында қадағаланды. Өңір басшысына нысанның жыл соңына дейін толық аяқталатыны айтылды.
Облыс әкімінің жұмыс сапары барысында Ұлытау ауданының тұрғыны Таңшолпан Зибаденова пәтерінің жылу сапасына қатысты мәселесін жеткізді. Өңір басшысы өз кезегінде азаматтың өтінішін заң шеңберінде шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.