БҰҰ өкілдері тың жобалар ұсынды
Жуырда ауданымызға Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы (БҰҰДБ) өкілдері жұмыс сапарымен келді. Қадірлі меймандарды аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ құрметпен қарсы алды. Кездесу барысында Қазақстанның əр аймағында үлкен жобалар атқарған ұйым өкілдері ауданымыздың дамуы мен болашағына қатысты бірнеше маңызды жобалар ұсынды.
Аудан əкімі қонақтарды жылы қабылдап, олардың ұсыныстарын тыңдап, пікір алмасты. Жиын барысында аталған ұйымның Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухраб Ходжиматов пен тиімді басқару департаментінің директоры Айнұр Баймырза еліміздің жаңа облыстарын реформалау бағытында маңызды бастамалар ұсынды. Олар ауданымызда туризм саласын дамытудың əлеуеті зор екенін атап өтіп, осы салада бірқатар жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
БҰҰ-да маңызды жедел орган болып табылатын бұл даму бағдарламасының мақсаты – аймақтардың дамуына қаржылай, техникалық жəне өзге де қолдау көрсету. Осы орайда қонақтар ауданның экономикалық жəне əлеуметтік дамуына арналған бірнеше жобаны таныстырды. Олардың ішінде инфрақұрылымды жақсарту, аймаққа инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту сияқты маңызды бағыттар қарастырылған. Əсіресе, туризм саласына ерекше назар аударылды.
Шара соңында қатысушылар белсенділік танытып, өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Əрқайсысы ауданның дамуына өзіндік үлес қосуға дайын екенін білдірді. Алдағы уақытта белгіленген жобаларды іске асыру арқылы ауданымыздың экономикалық жəне əлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен мүмкіндіктер ашылмақ.
Ізбасар ОЙБАС.