Үздіктерге арнаулы шәкіртақылар тапсырылды
Білім ошақтарында оқу жылының аяқталуына орай өткізілген «Соңғы қоңырау» салтанатына қатысу мақсатымен Ұлытау ауданы, Аманкелді ауылдық округіне атбасын бұрған аудандық мəслихаттың төрағасы, ҚР Журналистер одағы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Ахат Құрмансейітов үздік екі оқушыға өзінің жеке қаражаты есебінен тағайындаған арнаулы шəкіртақылар сертификаттарын табыс етті.
Соның аясында жауынгер-публицист Баубек Бұлқышев атындағы шəкіртақыны 9 сынып оқушысы Айкүн Хасен иеленсе, жазушы-публицист Камал Смайылов атындағы шəкіртақы 6 сынып оқушысы Мырзайым Қодардың еншісіне бұйырды.
– Бұл – ұлт журналистикасының ілгері басуына өлшеусіз үлес қосқан аса талантты тұлғалар Баубек пен Камалдың кіндік қаны тамған ауыл. Міне, сондықтан да осы өңірдің топырағына сөз киесі қонған деп тұжырым жасауға толық негіз бар. Бабалардан қалған «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген тəмсілдің бекерден бекер айтылмағаны анық. Арнаулы шəкіртақылар тағайындаудағы түпкі меже сол болды. Бұл қадам жас буынның дарынымен дараланған аталарының ізбасары болуға құштарлық танытуына дəнекерлік етуі тиіс, – деді, өзінің құттықтау лебізінде Ахат Құрмансейітұлы.
Осы орайда, əрқайсысының сомасы 50000 теңгені (жиынтығы – 100 000 теңге) құрайтын шəкіртақылар жыл сайын дəстүрлі түрде берілетінін, ал оларды иеленуге құқылы оқушыларды мектептің педагогикалық кеңесі айқындайтынын айта кеткен жөн.
Ақбота ЕСЕНҚАБЫЛ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ
2-курс студенті.