СӘТ САПАР, ЖАС ТҮЛЕК!

Биыл Ұлытау облысының 1691 оқушысы алтын ұямен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алды. Ал 3435 білім алушы 9-сыныпты аяқтағаны туралы аттестат иесі атанды.

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласындағы №22 жалпы білім беретін мектебіне барып, 25 Мамыр күнімен ұстаздар мен ата-аналарды құттықтады. Түлектерге ақ жол тілеген өңір басшысы білім ошағына биыл жаңа спорт алаңы салынатынын жеткізді.

«Облысымыздың келешегі – өздеріңіз. Әрқайсысыңызды мамандығын айқындаған, жауапкершілік пен артылған үміттің жүгін сезінетін азамат болып жетілдіңіздер деген сенімдемін. Себебі сіздер – бүгіннен бастап, бір мектеп пен бір үйдің ғана емес, тұтас облыстың сенім артқан азаматысыздар.
Біз биыл Ұлытау облысының 1700-ге жуық түлегін алтын ұясынан ұшырғалы тұрмыз. Оның ішінде «Алтын белгіге» үміткер 38 оқушы болса, «Үздік аттестаттан» үмітті 163 бала бар. Олардың әрқайсысы облысымыздың үкілеген үміті» – деді облыс әкімі өз құттықтауында.

Мектеп бітіру күніне арнайы ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада алтын ұяның ардагер ұстаздары да құттықтау сөз сөйлеп, ата-аналар педагогтерге алғыстарын жеткізді. Жиын түлектердің қоштасу вальсі мен концерттік бағдарламасымен жалғасты.