Соңғы қоңырау
Соңғы жылдары мектеп бітіру дегеніміз – ұлан-асыр той. Шамасы жеткені шет ел асып, жетпегені сәні мен салтанаты жарасқан мейрамханада тойлап, қаздай тізілген қымбат көліктердің шеруін ұйымдастырады.
Былтыр Маңғыстау облысында осындай кортеждің соңы апатқа ұласып, екі оқушы жансақтау бөліміне түскені де есте.
Шын мәнінде, үлкендерше «кеш» өткізбеу, өкіртіп ақша жинау мәселесі жылда көтеріледі. Бірақ ондай кештер жылда өтеді, кортеж құрып, жарысады да. Өкінішке қарай, апатқа ұшырап жатады.
Сондай-ақ, ата-анасы бақыламағаннан көп бала тыйым салынған және белгіленбеген жерлерде суға түседі. Өткен жылы Ақмола, Маңғыстау және Атырау облыстарындағы су қоймаларының жабдықталмаған орындарында жасөспірімдердің қаза табу фактілері болған.
«Жарайды, балама зияны тиер» деп амал жоқ келісетін ата-ана аз емес. «Онда тұрған не бар, мектепті бір рет бітіреді, есте қалатындай етіп өткізейік, сынып жетекшісіне рахметімізді айтайық» — осылай ойлайтын және белсене ақша жинайтын ата-аналар да аз емес. «Барлық мәселе шешіліп, енді осы мәселе ғана қалды ма» дейді олар.
Моральді-психологиялық жағынан қысым көрсетіп, ақша жинап алу, дүркіретіп той сияқты кеш өткізіп, сынып жетекшісіне қымбат сыйлық жасау – барлық мәселенің ішіндегі мәселе екенін түсінбейтін сияқты. Мынау қоғам дамуын тежейтін дерт, ал мынау бұл енді риясыз көңіл дейтін көзқарас, проблеманы тұтас көрмеу, сезбеу, түсінбеу.
Қалай дегенмен де мектеп бітіру – бала өміріндегі елеулі сәт екені сөзсіз. Ал оның қызығы да, қуанышы да – мынау аттестат. Себебі үлкен өмірге жолдама осы. Сондықтан даңғаза мерекеден соң да тіршілік жалғасатынын, бала да, ата-ана да естен шығарып алмаса болғаны. Той жарыстан гөрі, ой жарыс анағұрлым жағымды көрінетіндей.
Құрметті түлектер мен олардың ата-аналары, бұл мереке Сіз үшін тек жағымды жағынан есте қалуы керек. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда дереу 102 нөміріне, ал төтенше жағдайда 112 нөміріне хабарласуыңыз қажет.
Ата-аналардан және мектеп бітіруші түлектерден қоғамдық тәртіпті бұзбауды, жол жүру ережелерін сақтауды, су қоймаларындағы қауіпсіздік шараларын ескеруді сұраймыз. Тәрбиешілер, ата-аналар және кәмелетке толмағандардың басқа да заңды өкілдері іс-шара аяқталғанға дейін түлектерге тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі керек.
Ұлытау ауданының прокуратурасы.