Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат

Адамзат тарихындағы сұрапыл майданның бірі – Ұлы Отан соғысы қаншама жанның жүрегіне жара салды. Қан майданға Қазақстаннан аттанған 1 млн. 200 мыңнан астам жауынгердің тең жартысы елге оралмады. Қаншама арман күлге айналып, қаншама шаңырақ ортасына түсті. Əйтсе де халық мойымады, келер күннен үмітін үзбеді. Отан үшін от кешкен сарбаздар 1945 жылы 9 мамырда Жеңіс туын желбіретті. Биыл жарты əлемді шарпыған ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына, сол қан майдандағы Ұлы Жеңіске 79 жыл толып отыр.

Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай аудан орталығындағы «Даңқ» мемориалды тақтасына гүл шоғын қою рəсімі өтті. Жиын Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен бабаларды бір минуттық үнсіз еске алумен басталды.
«Ер есімі – ел есінде» кешеніне аудан əкімі Аманжол Мырзабеков пен тыл ардагері Қаражігіт Əбдірахманов жəне аудандық Қорғаныс істері бөлімінің бастығы Дəурен Сəрсенбаев пен еңбек ардагері Сəрсен Бектемісов арнайы гүл шоғын қойды. Ел басына күн туғанда ерлік көрсеткен бабалар рухына ауданның бас имамы Жанболат Серікұлы құран бағыштады.
Гүл шоғын қою рəсімінен соң көпшілікке аудандық Мəдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Мерекелік іс-шара отты жылдардан бейбіт күнге жеткен соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлерінің құрметіне арналды. Ұлы Жеңістің 79 жылдығына арналған шара əдемі əнмен көмкеріліп, биден шашу шашылды. Салтанатты жиын Мəдениет үйі қызметкерлерінің орындауындағы «Жеңіс күні» əнімен тəмамдалды.
Бейбіт күнде бесік тербетіп, балаларымыздың ашық аспан астында асыр салғаны үшін біз аға ұрпақ алдында қарыздармыз. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес…

Альмира ОСПАН.