МӘМС ЖАРНАСЫ БОЙЫНША БЕРЕШЕГІ БАР кәсіпкерлердің есеп шоттары бұғатталуда

Бүгінде Ұлытау облысында МӘМС жарнасы бойынша берешегі бар кәсіпкерлердің саны 1189 жетті. Оның үстіне аталған борышкерлердің қоластында жұмыскерлері бар. Тиісінше жұмыс беруші жұмыскері үшін 2 және 3 пайыздан тұратын МӘМС жарнасы мен аударымын уақытылы төлемей отыр. Соның салдарынан Ұлытау облысында сақтандырылмаған азаматтардың қатары 28 мыңнан асып, олар медициналық көмектің шектеулі көлеміне ғана ие болуда. Борышкер кәсіпкерлердің басым бөлігі Жезқазған қаласына тиесілі. Атап айтқанда, мысты өлкеде МӘМС жүйесіне берешек 589 жеке кәсіпкер бар. Олардың қатарын Сәтбаев қаласындағы 279, Жаңаарқа ауданындағы 181, Қаражал қаласындағы 94, Ұлытау ауданындағы 37 кәсіпкер толықтыруда.

Жеке кәсіпкер жарналар мен аударымдарды төлеуден жалтарса, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 92-1 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жұмыс берушiлер, жеке кәсiпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылар, адвокаттар, кәсiби медиаторлар МӘМС-ке аударымдары мен жарнасын уақытылы төлемесе – ескерту жасауға тура келеді. Бір жыл ішінде тағы қайталанса, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз сомасының 20%, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 30%, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50% мөлшерінде айыппұл салынады
Сонымен бірге жарна мен аударымды уақытылы төлемегені үшін кәсіпкерлер төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті. Өсімпұлды болдырмау үшін жарналар мен аударымдарды уақытылы, яғни әр айдың 25-інен кешіктірмей төлеу қажет.
Қазіргі таңда қалалық және аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы борышкер кәсіпкерлермен жұмысты күшейтті. Атап айтар болсақ, 494 жезқазғандық кәсіпкерге кешіктірілген жарнаны өтеу туралы хабарлама жолданды. 260 жеке кәсіпкердің банктегі шоттары бұғатталды. Тағы 103 кәсіпкердің касса бойынша шығыс операцияларына шектеу қойылды. Жыл басынан МӘМС жарнасын уақытылы төлемеген 23 мекемеге әкімшілік іс қозғалған.
Естеріңізге сала кетсек, 2024 жылы жеке кәсіпкерлер ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе ай сайын 5 950 теңге төлейді. МӘМС төлемін екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі немесе оның мобильді қосымшалары арқылы, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы аударуға болады. Төлем коды – 122. Ай сайын да, ұзақ мерзімге де алдын ала төлем жасауға болады.
Жарна төлеу бойынша сұрақтарыңыз болса Қордың 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға немесе Жезқазған қаласы, Ғ.Омаров көшесі 7 үй (2 қабат, 2 кабинет) мекенжайындағы мамандар көмегіне жүгінуге болады.

Диана ОРАЗАЛИНА.